Сергеев су қоймасындағы жағдайға орай Көкшетау сусыз қалды

Сергеев су қоймасындағы жағдайға орай Көкшетау сусыз қалды
Фото: Massaget.kz / Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Көкшетауды негізгі су көзімен қамтамасыз ететін Сергеев су қоймасындағы жағдайға байланысты қалада бірнеше шағын аудан сусыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Су қоймасынан келетін судың жеткіліксіздігінен әрі қысымның тым әлсіз болуына байланысты шаһарда мыңдаған үйлер сусыз қалған.

Қала әкімдігі бірнеше шағын аудандарға тасымалдап су ұйымдастырылып жатқанын хабарлады.

"Қаланың тұтастай сусыз қалды деп айтуға болмайды. Жоғарғы қабаттарға судың қысымы төмен болғандықтан су жетпей қалып жатқаны рас. Сумен жабдықтау жүйесі Сергеев су қоймасынан сумен жабдықтау толықтай берілген кезде қалпына келмек. Қазіргі уақытта Жайлау шағын ауданында су болмай тұр. Сондай-ақ Сарыарқа шағын ауданында су сорғысының дұрыс болмауына байланысты уақытша су жоқ. Қазіргі уақыта Бірлік, Застанционный, Кірпіш зауыты мен бірнеше әлеуметтік нысандарға су тасымалданып жеткізіліп жатыр", - деді Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі Махаббат Самрат.

Қалада су жүйесі қашан толықтай қалпына келтірілетіні әзірге беймәлім.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz