Ғашықтар күні: серігіңізге сыйлық таңдауға бірнеше идея

Ғашықтар күні: серігіңізге сыйлық таңдауға бірнеше идея
Фото: ru.freepik.com

15 сәуір елімізде ұлттық ғашықтар күні тойланады. Бұл сүйіктіңізге өз сезімдеріңіз жайлы тағы бір рет айтуға немесе ұнатып жүрген адамыңызға махаббатыңызды білдіруге жақсы себеп. Әдетте, ғашықтар күні жұптар бір-бірлеріне тосынсый жасайды, романтикалық кеш ұйымдастырады, бірге уақыт өткізеді немесе сыйлықтармен алмасады. Ғашықтар күніне арналған сыйлыққа бірнеше идея ұсынамыз.

Дүкенге сыйлық алуға бармас бұрын серігіңіздің қызығушылықтары мен әуесі жайлы ойланыңыз. Бұл таңдауды жеңілдетуге көмектеседі.

Серігіңіздің қызығушылығымен байланысты сыйлықтар

Кітап

Егер сүйіктіңіздің талғамын жақсы білетін болсаңыз, оның сүйікті жанрындағы шығарманы таңдаңыз. Сондай-ақ заманауи әдебиеттің жаңа шығармасын таңдауға болады. Әрине, сонымен қатар ғашықтар күні махаббат жайлы кітаптар сыйлауға болады.

Картина салуға арналған жинақ

Егер серігіңіз өнерді бағалайтын жан болса, картина салуға арналған жинақтарға көз салсаңыз болады. Бұл суретті екеуіңіз бірге отырып салып көріңіздер. Содан соң өз қолдарыңыздан шыққан бұл туындыны оның бөлмесіндегі көрінетін жерге іліп қойыңыздар. Бұл серігіңізге жағымды эмоция сыйлайтыны анық. Бастысы, ол жылы естелік қалдырады.

Күйтабақ

Егер серігіңізде күйтабақ ойнатқыш бар болса, жаңа күйтабақ керемет сыйлық болады. Себебі оны сүйікті адамы таңдады.

Суреттерді ілуге арналған панно

Қазір сурет салатын қарапайым жиектеме сәннен шықты. Оның орнына панно алуға болады: суреттер кішкентай қыстырғыштармен ілінеді. Сол күні серуендеуге шығып, қаладағы әдемі жерлерге суретке түсіңіздер. Содан соң оларды шығартып, сыйлығыңызбен бірге ұсыныңыз. Бұл да керемет естелік болатыны анық.

Ерекше әсер қалдыратын сыйлықтар

Саяхаттау

Саяхаттау ұзаққа есте қалады және ерекше әсерлер сыйлайды. Мүмкіндіктеріңізге қарай бұрын болмаған елге немесе көрші қалаға саяхаттап келуге болады.

Мастер-класс

Мастер-кластарға арналған сертификат сыйлау - жақсы идеяның бірі. Ол жақсы әсер қалдырады және жаңа хоббиге алғашқы қадам болуы мүмкін. Қазір мастер-кластарға таңдау көп: аспаздыққа үйрену, құмыра жасау, картина салу, атқа мініп үйрену және т.б.

Экстремалды мастер-класс

Егер сүйіктіңіз экстремалды нәрселерді жақсы көрсе, соған қатысты сертификат сыйлауға болады. Мысалы, квадроцикл айдау, парапланмен ұшу, дайвинг және т.б.

Хат жазу

Ғашықтар күні жұптар бір-біріне махаббаттарын білдіреді. Оны қолмен хат жазу арқылы жасаған дұрыс. Ең маңызды және жылы сөздер серігіңізде ұзаққа сақталады. Көп жыл өткен соң да бұл өміріңіздегі керемет сәттерді есіңізге түсіретін ерекше зат болып қалады. Не жазасыз? Оған деген сезімдеріңізді және оны алғаш кездестірген кез жайлы жазуға болады.

Әмбебап сыйлықтар

Арнайы нақышталған әшекей

Бұл мақсатта кез келген әшекейді таңдауға болады. Содан соң оған арнайы жазу ойластырыңыз. Ол аты-жөндеріңіз, алғаш кездескен дата немесе "Мен сені сүйемін" деген сөз тіркесі болуы мүмкін.

Лезде сурет шығарып беретін фотоаппарат  

Суретке түсіргенді немесе түскенді жақсы көретін адамдарға бұл сыйлық ұнауы мүмкін. Оның көмегімен стильді суреттер шығаруға болады. Сондай-ақ ол жиі саяхаттайтын адамдарға ұнайды. Себебі мұндай фотоаппараттар әдетте кішкентай болады, оны өзімен бірге алып жүру ыңғайлы. Ең бастысы, ол суреттерді лезде шығарып ала алады.

Сымсыз құлаққап немесе ақылды сағат

Қазір технологияның дамыған заманы. Ақылды сағаттарға немесе сымсыз құлаққаптарға таңдау көп. Бұл ешкімге артық етпейтін және міндетті түрде қолданатын сыйлықтардың бірі. 

SPA-процедураға бару

SPA-процедуралар барлық адамға бірдей ұнайды. Бұл демалуға, босаңсуға және теріңізге күтім жасауға жақсы мүмкіндік. Қазір серігіңізбен бірге баруға болатын салондар мен массаж орталықтары бар. 

Концерт немесе спектакльге билет

Бұл ерекше әсер қалдыратын сыйлық. Сүйіктіңіз қандай әнші немесе топты жақсы көреді? Көптен бері көргісі келіп жүрген қойылымы бар ма? 

Оқи отырыңыз: Сізге шын ғашық болуға кедергі келтіретін 5 нәрсе

А. Жапатова