Наурызда Қазақстанда ең жоғары жалақы кімге ұсынылды?

Наурызда Қазақстанда ең жоғары жалақы кімге ұсынылды?
Фото: depositphotos.com/amixstudio

Наурызда Қазақстанда ең жоғары жалақы кімге ұсынылды? Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Наурызда жұмыс берушілер жалақының ең көп мөлшерін объектив бақылау жөніндегі инженерлерге (орта есеппен 650 мың теңгеден бастап), өндіруші өнеркәсіптегі учаскелер бастықтарына (628 мың теңгеден бастап), сондай-ақ, бас құрылысшыларға (627 мың теңгеден бастап) ұсынды.

Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны құрылыстағы өндіріс бастығының орынбасары (орта есеппен 1,1 миллион теңгеден бастап), мұнай өндіру шебері (937 мың теңге) және коммерциялық кәсіпорындар директоры (819 мың теңге) лауазымдарына үміткерлер сұрады.

2024 жылғы наурызда Enbek.kz электрон еңбек биржасында белсенділік төмендеді. Қол жетімді бос жұмыс орындарының саны ақпанмен салыстырғанда 7 пайызға төмендеп, 75,2 мың бірлікке жетті, ал түйіндеме саны 29 пайызға азайып, 80,8 мың бірлік болды.

Наурыз да түйіндеме санының айтарлықтай төмендеуі біліктілігі жоқ жұмыскерлермен байланысты болған: ақпанмен салыстырғанда осы санаттағы ұсыныстар саны 40 пайызға немесе 15,3 мың түйіндемеге қысқарды.

Жалпы біліктілік құрылымында сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік байқалды. Осылайша, барлық бос жұмыс орындарының үштен бір бөлігі (21 мың) жоғары білікті кадрлар үшін, 48 пайызы (36 мың) орта білікті және 24 пайызы (18,2 мың) біліктілігі жоқ кадрлар үшін орналастырылған.

Сонымен қатар, наурызда, ақпандағыдай, бос жұмыс орындарының көпшілігін (80 пайыз) заңды тұлғалар орналастырды.

Бос орындар саны Қазақстанның төрт өңірінде ғана өсіп отыр: Қарағанды (+16 пайыз немесе 919 бос жұмыс орны), Абай (+11 пайыз немесе 256 бос жұмыс орны), Солтүстік Қазақстан (+8 пайыз немесе 210 бос жұмыс орны) және Қызылорда (+6 пайыз немесе 133 бос жұмыс орны) облыстарында өсім байқалады.

"Жұмыскерлерді іздеуде ең жоғары белсенділікті Қарағанды және Түркістан облыстарының жұмыс берушілері көрсетті: тиісінше 6,8 мың және 4,7 мың бос жұмыс орны орналастырылды. Сондай-ақ, ірі қалалар еңбек нарығында сұранысты қалыптастыруға белсенді қатысты: Алматыда 6,3 мың, ал Астанада 6 мың бос жұмыс орны жарияланды. Осылайша, осы 4 аймақ наурызда ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының жалпы санының үштен бірі болды", – деді "ЕРДО" АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің директоры Бақтияр Жазықпаев.

Ең көп түйіндемені Түркістан өңірінен (10 мың түйіндеме), сондай-ақ, Алматы облысы мен Алматы қаласынан (5,6 мың түйіндеме бойынша) жұмыс іздеушілер орналастырды.

Түйіндеме мен бос жұмыс орындарын өңірлік бөлуде теңгерімсіздік сақталады. Дәстүрлі түрде артық жұмыс күші бар оңтүстік аймақтарда бір бос орынға екі үміткерден келеді. Сонымен қатар, солтүстік аудандарда бір түйіндемеге екі бос жұмыс орны бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек