Иелерін тістеп алған: Шымкентте бірнеше жануардан құтыру белгісі анықталды

Иелерін тістеп алған: Шымкентте бірнеше жануардан құтыру белгісі анықталды
Фото: depositphotos.com

Сәуір басталғалы Шымкентте 4 жануардан құтыру белгісі анықталған. Оның екеуі өз иесін тістеген. Бұл тұрғындарға кері әсерін тигізбеген. Алайда қалада ит пен мысықтан зардап шеккендер саны азаймай тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкентте ай басталғалы 4 үй жануарынан құтыру белгілері анықталған. Оның екеуі кеміргіш болса, екеуі - ит пен мысық. Олар иелерін тістеген соң бірнеше күннен кейін өлген. Иелері дін аман.

86 жастағы Есенқұл Смайылов көшеде жүрген мысықты тамақтандырып жүріпті. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын жануар қарияның қолын тістеп алған.

"Бір мысық 4 баласымен жүретін еді. Тамақ беріп жүретінмін. Көбейіп кетті. Содан соң тамағы көп жерге апарайын деп ойлағанмын. 1 баласы қолымды тістеп алды. Қазір орап, таңып, екпе салып жатыр. Ісігі қайтып қалды", - дейді Шымкент қалсының тұрғыны Есенқұл Смайылов.

Жыл басынан бері қалада 700-ден аса адам үй жануарынан зардап шеккен. Оның 294-і - кәмелетке толмағандар. Тұрғындарға шабуыл жасағандардың басым бөлігі бұралқы ит-мысықтар екен. Зардап шеккен азаматтарға рабиология бөлімінде вакцина салып, жарасын таңу жұмысы жүргізіледі. Мамандар көбіне мысықтар тістеген жер тез асқынып, арты іріңге ұласатынын айтады.

"Жануарлар арасында тістеу бойынша қауіптісі - мысық. Себебі олардың тістері өткір болады. Тістері терең кірген кезде олардан асқыну пайда болады. Құтыру ауруынан бөлек, іріңді қабынулар көбеюі мүмкін. Жануар таза нәрсе емес. Олар далада жабайы тышқан жеуі мүмкін. Кез келген жануар тістеген кезде бізге 24 сағатқа дейін жүгіну керек. Сол кезде көмегіміз тиімді болады. Себебі құтыруды тудыратын вирус 72 сағат бойы жараның бетінде болады. Одан асып кетсе жүйке жүйесіне өтіп кетеді. Соған жеткізбей жуып, аурудың алдын алуымыз керек", - дейді №2 қалалық аурухананың рабиология бөлімі меңгерушісі Мұхан Өтекеев.

Эпидемиологтар көктем мен күз айлары құтырма ауруын тудыратын вирустардың өрши түсетінін айтады. Ол өз кезегінде орталық нерв жүйесін зақымдап, соңы қайғылы жағдайға соқтырады. Сондықтан мамандар қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстамауға, оларға жақындамауға кеңес береді.

"Үйде ит-мысық ұстайтын болсаңыз, екпе алып отырған дұрыс. Көшеде, далада жүрген белгісіз ит мысықтарды үйге алып келу өте қауіпті. Ит тістеген кезде антирабикалық көмекке жүгінгені дұрыс", – дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Балкүміс Мұсаева.

Жануарлар тістесе, қауіпті жағдай байқалса, жарақат алған адамға 5 рет екпе салу тағайындалады. Ал алдын ала мәлімет бойынша Шымкентте 300-ден аса бұралқы жануар бар. Оларды ұстап, бағуға қазір 769 миллион теңге бөлінбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова