Су деңгейі көтерілуі мүмкін: синоптиктер бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жасады

Су деңгейі көтерілуі мүмкін: синоптиктер бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жасады
Фото: Tengrinews.kz

"Қазгидромет" РМК 10-12 сәуір аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт өзгеруі мүмкін екенін ескертті. Республика бойынша қатты жауын-шашын мен жел болып, салдарынан су деңгейінің көтерілу қаупі жоғарылауы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақмола облысында түнде қар аралас жаңбыр, күндіз жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түсуі ықтимал. Облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында батыстан, солтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

"Қалқұтан өзені – Қалқұтан ауылы гидрологиялық бекетінде су деңгейінің көтерілуі (4 сағат ішінде 3 см) жалғасуда. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша су деңгейі сыни межеден 1 см-ге (критикалық белгі 630 см) асты. Су объектісінің жағдайы: гидрологиялық бекетте сең жүру құбылыстары жоқ (таза). Өзендегі су деңгейінің көтерілуі қар жамылғысының қарқынды еруіне, өзендегі бүйірлік ағыстың қарқын алуына және өзен арнасының жоғары орналасқан бөлігінен асуына байланысты.  Болашақта су деңгейі жоғарылай түседі деп күтіледі", - делінген хабарламада.

Ведомство су қауіпті межеден асқан кезде өзен жағасында және оның ағысы бойынша төмен орналасқан елдімекендерді, шаруашылық нысандарды, жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталатынын ескертті.

Астанада түнде және таңертең тұман түседі деп күтіледі.

Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында синоптиктер оңтүстік-батыстан 20 м/с, кей тұста 23-28 м/с жылдамдықпен жел соғатынын болжайды.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз негізінен жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ болады деп күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде солтүстік-батыстан, солтүстіктен соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Петропавлда түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады, күндіз жаңбыр жауады деп болжанады. Түнде және таңертең тұман болады.

Күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қатты жаңбыр, найзағай болады деп болжанады.  Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Оралда аракідік қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтіледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы