Полиция су тасқыны туралы жалған ақпарат таратқан қазақстандықтарды анықтады

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Маңғыстау және Қостанай облысында жалған ақпарат таратқан тұрғындар анықталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жалған ақпарат таралуына жол бермеу үшін Ішкі істер органдары ақпараттың кеңістікті бақылап отыр. Мысалы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны су тасқыны салдарынан қалада жол жабылды деп жалған ақпарат таратты. Сол үшін ол жауапқа тартылды. Сондай-ақ Қаратомар су қоймасында жарықшақ туралы жалған ақпарат таратқан Қостанай қаласының тұрғынының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Істі сотқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты жалған ақпарат таратушылар жауапқа тартылатынын ерекше ескертеміз", - деді Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-да өткен брифингте.

Комитер төрағасы Қостанайда полицейлердің заңды талабына бағынбаған 4 адам жауапқа тартылғанын жеткізді. Олар су басқан аймаққа кіруге тырысқан.

"Биыл 6 сәуірде түнде Қостанайда тереңдегі 1 метр болатын су басқан аумаққа өтпек болған мас адамдар тоқтатылды. Ұстау кезінде олар полицияға қарсылық көрсетіп, талапқа бағынбаған. Бұдан бөлек, құқық бұзушылар қоғамдық орында мас жүргені, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды", - деді басшы.

Қайсар Сұлтанбаев қазақстандықтарды төтенше жағдай кезінде заң бұзбауға шақырды.

"Елімізде заңға сәйкес төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп саналады. Мысалы, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін де жаза күшейтіледі. Осы кезде көрнеу жалған ақпарат тарату, билік өкіліне бағынбау, оны қорқыту немесе зорлық-зомбылық жасау жауапкершілікті ауырлатады.

Сондай-ақ заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі артып отыр. Қызмет барысындағы әрекетсіздік, құқық қорғау органы қызметкерлерінің өз міндеттерін орындаудан жалтару қылмыстық жауапкершілікті ауырлатады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті атқару қағидаларын бұзғандарға, ғимараттарға шабуыл жасау мен мүлікті қауіпті тәсілмен жоюға қарсы шараларға қабылдамаған басшының әрекетсіздігі үшін жауапкершілік күшейеді.

Құрметті қазақстандықтар, Ішкі істер министрлігі су тасқыны болған өңірлердегі тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етуге арналған іс-шараларға түсіністікпен қарауға, оларға қол ұшын созуға шақырады", - деп сөзін түйіндеді төраға.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!