Алматыда моншада балалар лагерін ұйымдастырғандар сотталды

Алматыда моншада балалар лагерін ұйымдастырғандар сотталды
Фото: facebook.com/Инка Рокеровна

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында пара алмақ болды және алаяқтық жасады деп айыпталған екі адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

М. Алматы қаласы Білім басқармасының мемлекеттік сатып алулар жөніндегі бас маманы бола тұра, кәсіпкер Н.-дан пара алу мақсатында "Б" ЖШС және "А" ЖШС компанияларын ерекше қажеттілігі бар балалардың, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы деп таныған.

2023 жылы жазда Н. жеке мектебіне 50 баланы әкелген. Сол күні балалар лагерін ұйымдастырамыз деген желеумен 300 баланы фитнес орталығы бар монша кешеніне әкелген.

Балалардың ата-аналары жеке мектеп пен фитнес-орталығы бар монша кешенінің шын мәнінде балалардың демалыс аймағына айналғанын біліп, балаларды үйлеріне алып кеткен.

Сотталушылардың кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен, сотталушы Н.-ның мойындауымен, куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және т.б. дәлелденді. Сотталушы М. кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.

Сотталушы Н. кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыру емес, басқа жаза тағайындауды сұрады. Прокурор М.-ға 7 жыл, Н.-ға 5 жыл жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен М. аса ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Н. аса ірі мөлшерде алдау және сенімге қиянат жасау арқылы алаяқтық әрекеті үшін сотталды. Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова