"Ақшаны шетелге аударған". Алматыда банк қызметкерін алдағандар анықталды

"Ақшаны шетелге аударған". Алматыда банк қызметкерін алдағандар анықталды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Алматыда банктердің бірінің қызметкерін алдаған алаяқтар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы полициясы шетелде тамыр жайған заңсыз әрекеттерді анықтады. Алданғандардың арасында екінші деңгейлі банктердің бірінің қызметкері де бар.

"Оның мессенджеріне құқық қорғау органдарының өкілдері банк пен оның қызметкерлеріне қатысты тексеріс жүргізіп жатқаны жөнінде және олардың нақты нұсқауларын орындауы керек екені туралы хабарламалар келе бастаған. Кейінірек олар кибершабуыл болғанын және алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін барлық қолданыстағы шоттан ақшаны алып, содан кейін сенімді адамдарға аудару қажет екенін хабарлаған. Осы нұсқауларды орындаған әйел шотынан 4 миллион теңге мен 10 мың долларды шешіп алған. Ол ақшаны курьерге беріп жіберген", - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

Алаяқтардың құрбанына айналғанын түсінген әйел полициядан көмек сұрады. Курьер дереу ұсталды. 19 жастағы жасөспірім бұл әрекеттің қылмыстық сипатын білетінін мойындады: жұмыс берушілер оған жәбірленушілерден алған соманың 1 пайызы көлемінде сыйақы беріп отырған. 

"Курьер ақшаны аударған шоттарды анықтадық. Олардың ізі шетелде табылды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатты аударуға қатысқан үш адам ұсталды. Қазір олардың әрқайсының кінәсі анықталып жатыр. Күдіктілер қамауға алынды", - деді Науатов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова