Абай атындағы ҚазҰПУ ғимаратының 196 мың теңгеге заңсыз сатылған бөлігі қайтарылды

Абай атындағы ҚазҰПУ ғимаратының 196 мың теңгеге заңсыз сатылған бөлігі қайтарылды
Фото: © Ернұр Исенбаев/2gis.kz

Алматы прокурорлары Абай атындағы ҚазҰПУ ғимаратының бір бөлігін қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мүлкін заңсыз иеліктен шығару дерегін анықтады.

1997 жылы Жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатқан.

Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған.

Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштеріне жатады, ал жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі - "Ескі қақпа" орналасқан.

Кейіннен оқу корпусының ғимаратында "Ескі қақпа" атты мейрамхана ойын-сауық мекемесі ұйымдастырылған.

Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірді.

Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды, шешім заңды күшіне енді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова