"Өзіміз үлгеріп жатырмыз". СІМ су тасқынына байланысты сырттан көмек қажет емес екенін айтты

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смалияров Қазақстандағы су тасқынын Үкімет бақылауда ұстап отырғанын, сырттан әзірше көмек керек емес екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазіргі таңда Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан жағдайға байланысты бауырлас Қырғыз мемлекеті өз бастамасымен көмек көрсетті. Осыдан 2 күн бұрын Қырғыз Республикасының Төтенше жағдай министрлігі 15 жүк көлігі мен 1 жол талғамайтын көлігі Қазақстан шекарасын кесіп өтті. Онда 300 тонна жүк бар. Мысалы, су, күріш, қарақұмық жармасы, кәмпит, шай, қант және тағы басқа азық-түлік жіберілді.

Сондай-ақ онда матрастрар, жылытқыштар, керуенттер, шатырлар және тағы басқа болды. Көптеген бауырлас елден де телеграмма келіп жатыр. Олар өз қолдауын айтып, ниет білдіруде", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкіл Қазақстан табиғи апатпен өз күшімен күресіп жатқанын жеткізді.

"Елімізде оперативті штаб құрылды. Премьер-министрдің барлық орынбасары тиісті өңірлерге шықты. Олар өңірлердегі жағдайды бақылада ұстап отыр. Материалдық резервтің әлеуетін қолданып жатырмыз. "Қазақстан халқына" қоры мен халық та көмектесіп жатыр. Үкімет осы бағытта толыққанды жұмыс жүргізіп жатыр", - деді ол.

Журналист "Демек әзірге сырттан көмек керек емес қой?" деп сұрағын нақтылады.

"Әзірше, бәріне өзіміз үлгеріп жатырмыз", - деп Айбек Смадияров жауабын қысқа қайырды.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!