iPhone адамдарды бақылап отыратыны рас па?

Telegram-да iPhone адамдарды бақылайтыны туралы видео жарияланды. Құрылғы әр 5 секунд сайын адамның бетін танып, инфрақызыл суретке түсіретіндіктен, желі қолданушылары осындай қорытынды жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, кейбір iPhone смартфондары бірнеше секунд сайын инфрақызыл сәуле шығаратыны рас. Бірақ мұның себебі, видео авторлары айтқандай, адамдарды бақылау мақсатында емес.

"TrueDepth камерасы осылай жұмыс істейді. Ол iPhone-ның кейбір модельдеріне қойылған. Apple өкілі Алекс Киршнердің айтуынша, технология құрылғыны пайдаланып жатқаныңызды немесе пайдаланып жатпағаныңызды түсінуге мүмкіндік береді", - деп жазылған мәліметте.

Apple-дің сайтында камераның жұмысы сипатталған: "TrueDepth мыңдаған көрінбейтін нүктені жобалау және талдау, сондай-ақ, инфрақызыл кескінді жазу арқылы нақты бет деректерін жинайды".

Басылым мәліметінше, бұл функция қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етеді. Мысалы, телефонға қарап отырған кезде дисплей өшпейді. Көзге көрінген жарық - iPhone-ның суретке түсіруінің емес, пайдаланушының бет-әлпетін сканерлеудің белгісі.

Айта кетейік, Attention Aware iPhone-ның барлық моделінде бола бермейді. Ал ұнатпағандар бұл функцияны өшіріп тастай алады. Ол үшін Face ID және телефон құпия сөзінің параметрлерінен Attention Aware таңдау керек.

Сонымен қатар, Apple компаниясының хабарлауынша, инфрақызыл сәуле көз бен теріге зиян келтірмейді. Олардың қуаты тым төмен.

Демек, видеода TrueDepth камерасының жұмысы көрсетілген. Бұл технология телефон иесі құрылғыға қарап отырғанын немесе қарап отырмағанын көрсетеді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!