Су тасқыны: төтенше жағдайда ерікті болған білім беру саласының қызметкерлеріне жалақы қалай төленеді?

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі өңірлердегі су тасқынына байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде уақытша орналастыру пункттерінде 3 мыңға жуық бала бар. Тасқын су салдарынан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушыларға сауықтыру орталықтарына жіберуге жолдамалар бөлінген. Бүгінде Ақмола облысындағы "Жасдәурен" лагері 80-нен аса баланы қабылдаған.

Сондай-ақ, республикалық маңыздағы инновациялық мектеп-лицейлерінің жатақханаларында балаларды орналастыру мен оқу процесі ұйымдастырылады.

Маңғыстау облысында 28 білім беру ұйымы Атырау облысы Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындарын қабылдап жатыр. Су тасқыны болған өңірлерде 127 білім беру нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пункті ретінде айқындалды.

"Бүгінде білім саласының 20 мың қызметкері волонтер ретінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр, оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр. Салалық келісімге сәйкес төтенше жағдай кезеңінде білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төтенше жағдайға дейінгі белгіленген мөлшерде есептеледі", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтердің аттестаттаудан өту мерзімі кейінге ауыстырылады.

Еске салайық, бұған дейін су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған мұғалімдер аттестациядан өтпейтіні хабарланған болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!