Су тасқыны: министрлік қазақстандықтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрлік әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған ақпарат тарап жатқанын ескертеді. Белгісіз адамдар төлемдерді алу үшін "Толығырақ" батырмасын басуды немесе сілтемеге өтуді сұрайды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жергілікті атқарушы органдар біржолғы төлем түрінде көмек көрсетеді. Олардың мөлшері әр өңірде келтірілген материалдық залалды есептеу үшін құрылған арнайы комиссиялардың шешімі бойынша жеке-жеке есептеледі.

"Хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтардың азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Сілтемеге өтпеуге кеңес береміз", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы таратылады.

"Тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын еске саламыз!" - деді ведомство өкілдері.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!