"Ауыл халқы жаппай көшіп, қалалану үдеп кетеді". Эколог тасқын судың салдары жайлы

"Ауыл халқы жаппай көшіп, қалалану үдеп кетеді". Эколог тасқын судың салдары жайлы
Фото: Massaget.kz коллажы - Tengrinews.kz / Әлеуметтік желі

Қазақстанның су тасқыны бойынша биылғы жағдайы күн санап ушығып келе жатыр. Еліміздің Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Алапат судың салдарынан үйлер құлап, халық мал-жайынан айрылып отыр. Эколог Гүзел Құлжабаева Massaget.kz тілшісіне мәселенің неліктен жыл сайын қайталанатынын және оны шешу жолдарын түсіндірді. 

Маман билік жыл сайын қайталанатын су тасқынына жылда дайын болмайтынын, оған қоса, Төтенше жағдайлар министрлігі халыққа қай жерде қауіп барын, қандай жағдайға дайындалу қажет екенін ескертпейтініне назар аударды.

"Қазақ "апат айтып келмейді" дейтін еді. Ал қазіргі жағдайымыз - айтып келген апат. Жыл сайынғы тасқынға жылда дайын болмаймыз. Технология дамыған заманда, апат болған күннің өзінде, одан келетін шығынды азайтуға қамдану керек еді ғой. Қазақстан су тасқыны мен қуаңшылықпен күресте ғарыш арқылы, спутниктен түсірілген суреттерді пайдаланып болжам жасау тетіктерін дұрыс пайдалана алмай отыр. Қар қалыңдығы, жерасты ылғалын, қанша су келетінін, су тасыса қай жерге ағатынын зерделеп, жан-жақты дайындалу керек еді. Соған сай жабдықтарды уақытында жөндемесеңіз, тоспаны алдын ала сайлап-майламасаңыз, мұзды оймасаңыз, су жолын дайындамасаңыз, әрине елді жылда су басады. Қазір бірнеше облыс қарғын сумен алысып жатыр. Бірнеше қала мен ауданда жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланған. 40 автожолды су алған. Бұдан бөлек, қираған көпірлер де бар. Берсиев ауылы 90 пайыз жоқ болған. Бір жерлерде бөгет суды ұстап тұр, алайда су деңгейі бөгеттің биіктігімен теңескен, кей елді мекендерді су басу қаупі әлі сейілген жоқ. Кей аудандарына 2 метр қар түскен Шығыс Қазақстан облысында да жағдай күрделі.

Төтенше жағдайлар министрлігі тек өздері қандай жұмыс атқарғанын ғана хабарлайды, бірақ халыққа қай жерде қауіп барын, қандай жағдайға дайындалу қажет екенін айтпайды. Қандай жұмыс істеліп жатқанын сол жердегі халық онсыз да көріп отыр ғой. Басқа жақтағы адамдар не істеуі керек? Мүмкін малын түгендеп, бір жерге шығаруы керек болар, мүмкін киім-кешегін, дүние-мүлкін көшуге дайындауы қажет шығар. Алдын ала білуге тиіс ақпарат айтылмайды. Тасқын қаупі қашан сейілетіні туралы болжам әзірге жарияланған жоқ. Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын декларативтік сипатқа ие, мұны қайта қарау керек", - деді ол. 

Жазда Қазақстанда оңтүстік өңір тұрғындары жыл сайын су тапшылығынан зардап шегеді. Эколог қазір су тасқыны болып жатқан 10 облыстағы суды қорға жинап, жазда пайдалану қаншалық мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, еріген қар суын жинауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымның көп бөлігі айтарлықтай ескірген.

"Қазақстан аумағы суға аса бай емес. Бірақ тасқын жыл сайын қайталанады, ал жазда жұрт су таппай қиналады. Еріген қар суын жинауға болады, бірақ ол үшін инфрақұрылым керек, ал бізде инфрақұрылымның көбі ескірген. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда 1800-ден астам гидротехникалық жабдық бар. Олардың 600-ге жуығы республика меншігінде, мыңға жуығы коммуналдық меншікте, 200-ден астамы жеке меншікте, 25 нысан қараусыз қалған. Елде 500-ден астам нысан жөндеуге зәру. Тек оларға инвентаризация жасап, түгендеп, жөндейтіндерін жөндеп, жаңарту керек. Қазір билік 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Су қоймасы орасан қаржы шығынын қажет етеді. Мүмкін 5-6-ын ғана жаңадан салып, қаржыны қатты шығындамай қолда бар технологияны жаңартуға, жөндеуге жұмсаса әлдеқайда тиімді болар еді", - дейді маман.

Гүзел Құлжабаева еріген қар суын кейінірек пайдаға жұмсау үшін қорға жинаудың бірнеше әдісін атап өтті. 

"Су сақтау және су жинаудың түрлі әдістері бар және Қазақстан кейбірін пайдаланып та жатыр. Солардың бірі - контр реттеуші (контррегулятор). Мысалы, Түркістан облысындағы Көксарай контр реттеуші көктемде келетін көп суды жинап, жазда егістікке пайдалануға мүмкіндік береді. Біріншіден, Көксарай су алудан құтқарады. Екіншіден, су аз кезде Қызылорда облысының күрішін жатқызып алуға жетеді. Осының салдарынын Қызылордада су басу қаупі жоқ.

Су тасқынын дұрыс басқарып, тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өзге де әдістер бар. Мұндай әдістер кеңес кезінде жақсы қолданылған. Солардың бірі - көлдете суғару. Көктем кезінде еріген қар суын жайылымдық жер, шабындықтарға бұруды көлдете суғару деп атайды. Бұл әдіс су тасқынының алдын алады әрі жерді ылғалдандырады. Ал қазір урбанизация салдарынан су бұратын шабындық та қалған жоқ. Жер-жерді меншікке бөліп алды да, көбіне үй-жай, құрылыс салып тастады. Сонымен қатар далаларымызды ұзынан кесіп өтіп жатқан жаңадан салынған жолдар, автобамдардың астынан жиылған су ағып өтетін көпірлер жоқ, соларды қайта қарап, жиі-жиі салу қажет.

Негізі, еріген қар суын жазда суғаруға пайдалану үшін су қоймаларында сақтай білу керек. Су қоймасы жақсы технология, ал бірақ қазіргі Қазақстанда соның бәрін жүзеге асыратын маман бар ма? Кезінде Жамбылда гидромелиорация құрылыс институты болатын. Сонда гидротехник мамандарды дайындайтын. Мелиорация гидротехнигі, жабдықтар гидротехнигі, сумен қамтамасыз ету сияқты әртүрлі мамандыққа оқытатын. Қазір ол жоқ.

Үкімет қар суын жинақтап, сақтайтын уақытша қоймалар әзірлеп, оны жазғы қуаңшылықта ауыл шаруашылығы қажетіне пайдалану үшін ұзақ мерзімді іс атқаруы шарт. Бүгін-ертең шешім шығарып, арғы күні іске кірісіп кететін шаруа емес, әрине. Ұзаққа, өте ұзаққа жоспарлайтын мәселе.

Жақын болашақта, жылдам жүзеге асыруға болатын шаралар - қар тоқтататын жасыл желектерді (лесополоса) көбірек өсірсек, экологиялық балансты ұстауда оның маңыздылығы зор болады", - деді эколог.

Сонымен қатар, экологтың айтуынша, су тасқынының жыл сайын қайталануы мен жемқорлық арасында байланыс бар. Өйткені, апаттың салдарын жоюға бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді, ал ол бақылаусыз жұмсалып жатыр.

"Елде су тасқыны қайталана береді, билік тасқынның алдын алмайды, тек салдарымен күреседі, себебі салдарын жоюға бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді, ол бақылаусыз жұмсалып жатыр. Былтыр Қостанай облысында 2020 жылы шамамен 200 млн теңгеге салынған бөгет 2022 жылы бұзылып, ақша жымқыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Кейбір үкімет мүшелері мен әкімдер салғырт, кәсіби міндетіне лайық емес. Тасқынға қарсы жұмыстарға төтенше жағдай қызметінен гөрі сушылар көбірек араласуы керек, себебі су қоймалары мен инфрақұрылымдарының жағдайын солар жақсы біледі. Тиісінше, бюджеттің бір бөлігі де су ресурстары министрлігіне бөлінгені жөн, өйткені тасқынмен күрес шаралары жыл бойы жүруге тиіс, сол кезде салдарымен емес, себебімен күрес басталады. Уақытында тасқын судан апатсыз өткізуге лайықты сома бюджет қарастырылса да, ол дұрыс игерілмей, енді бүгін билік кешірім сұрап, халыққа, бизнеске алақан жайып көмекке зәру болып отыр", - деп жауап берді Гүзел Құлжабаева.

Биыл Ресейден Қазақстанға жіберілетін су қашыртқысының мөлшері былтырғыдан екі есе көп. Осыған байланысты, маман сырттан келетін суға қалай дайындалған жөн екенін айтты. 

"Ресей су жібергеннен кейін қауіп күшейе түсті. Осы уақытқа дейін Иреклі су қоймасынан су жіберу көлемі бірнеше рет көбейтілді. Стратегиялық одақтаспыз деп отырған көршіміздің тірлігі осылай. Енді біршама уақыттан кейін ол су Орал қаласына да жақындайды. Қалыпты жағдайда Жайық өзеніне ресейлік су қоймасынан секундына 90 куб су келсе, қазір қоймадан секундына 3000 куб су кетіп жатыр. Ол су аз ғана қазақ шекарасына жылдам жетеді.

Бұдан бөлек, 5 наурызда Ресейдің Ор қаласындағы дамбы жарылды да, аймақта төтенше жағдай жарияланды. Халқын эвокуациялап жатыр. Ол біздің Ақтөбе облысымен шекаралас.

Бастауын Ресей Федерациясы аумағынан алатын бес трансшекаралық өзен суының деңгейі көтеріліп келеді. Соның салдарынан Жаңақала мен Қазталов аударындағы Қараөзен мен Сарыөзенде (БҚО аумағындағы) су деңгейі көтеріледі. Шаған мен Деркөлге де қауіп төнді. Жайық өзенінің деңгейі көтерілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Ресейдің Росгидрометімен үздіксіз байланыста болып, гидрологиялық деректермен алмасып отыруы қажет. Бұл болып жатқан оқиғалар жайлы толық мәлімет алуға, барлық тәуекелді алдын ала бағалауға және тасқын суын өткізу бойынша қажетті іс–шараларды қабылдауға, сондай-ақ әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар департаменттерін уақытылы хабардар етуге көмектеседі", - деді ол.

Гүзел Құлжабаева су тасқыны жыл сайын ауыр зардабын тигізе берсе, ауыл халқы жаппай көшіп, урбанизация процессі үдейетінін ескертті.

"Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет - адам шығынына жол бермеу. Су тасқыны осылай жыл сайын ауыр зардабын тигізе беретін болса, бұл ауыл халқының жаппай көшіп, қалалану үдеп кетеді. Ауылдан кете алмайтындар ғана тұратын қиын жағдай орнайды", - деп қорытындылады эколог.

Тағы да оқи отырыңыздар: Алқабилер қандай 3 сұраққа жауап береді?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә