Кісі өлтіруші, қарақшы: жыл басынан бері қанша қылмыскер ұсталды?

Кісі өлтіруші, қарақшы: жыл басынан бері қанша қылмыскер ұсталды?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жыл басынан бері іздеуде жүрген 600-ден аса қылмыскер ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іздеуде жүрген 633 қылмыскердің ішінде 17 кісі өлтіруші, 15 тонаушы, 9 қарақшы, 7 бопсалаушы және 35 есірткі қылмыскері бар. Қылмыскерлерді іздеу тек Қазақстанда емес, шет елде де жүргізіледі. Оларды ұстауға Интерпол көмектескен.

"Биыл қаңтарда Анкара қаласында Түркияның Ішкі істер министрлігімен және Интерпол Бас хатшылығымен кездесу өткіздік. Қазіргі уақытта әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін іздеудегі 12 қылмыскер Түркияда ұсталды", - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Қазақстан аумағынан тыс жерде 38 адам ұсталған, оның ішінде Түркия, Испания, АҚШ, Швеция, Чехия, Біріккен Араб Әмірліктері және Польша сияқты алыс шет елдерден 19 адам ұсталды. Ресей, Қырғызстан, Грузия және Өзбекстан сынды таяу шет елдерде де 19 адам жүрген.

"Іздеуде жүрген бір қылмыскер Дубай қаласында ұсталып, елге әкелінді. Ол 2010 жылы банктен 300 миллионға жуық теңгені иемденген. Сонымен қатар, Польшада тағы бір қылмыскер ұсталды. Ол 2016-2019 жылдары Астана қаласында бір компанияның бухгалтері болып жұмыс істеп, 400 миллион теңге жымқырған", - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Одан бөлек жыл басынан бері республиканың криминалдық полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 259 адамның орналасқан жерін анықтады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова