БҚО-да су тасқынына байланысты 7 мыңнан аса адам эвакуацияланды

БҚО-да су тасқынына байланысты 7 мыңнан аса адам эвакуацияланды
Фото: ТЖМ

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 7039 адам қауіпсіз жерге көшірілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1 сәуірде Батыс Қазақстанда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Қауіп әлі сейілген жоқ. Құтқару және су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде облыс бойынша 7039 адам эвакуацияланған, оның 3538-і балалар. Облыста 161 эвакуациялық пункт бар. Қалғандары туыстарына қоныстанған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-талдау тобының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұржан Төлеуіш хабарлады.

Облыста 10 елді мекен бойынша көлік қатынасы шектелген. Оларда азық-түлік қоры бар екені айтылды. Бүгінде 200 мыңнан аса құм салынған қаптар төселген. Жұмысқа 1900-ден аса адам, 365 техника, 76 мотопомпа жұмылдырылған.

"Сондай-ақ, бізге Алматы облысы Ұзынағаштан келген әскери бөлімшелер және Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері көмектесті. Қазіргі уақытта Орал бойынша 10 пост дайындалған. Жайық және Деркүл өзендеріндегі су көлемі күнделікті бақылауда. Жайық, Шаған, Дерқұл өзендерінің су деңгейі қазір 689 сантиметр болған. Ең қауіпті деңгей 850 сантиметр болып саналады. Мониторинг Жайық өзенінің көтерілуін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Жайық өзенінің жағалауында орналасқан аудандардан адамдарды алдын ала көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлерді аралап, ескертулер жасалып жатыр", - деді спикер.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан