Ғалымдар қорқынышты түстерден арылудың қарапайым әдісін тапты

Ғалымдар қорқынышты түстерден арылудың қарапайым әдісін тапты
Фото: ru.freepik.com

Түнде қорқынышты түс көріп шықсаңыз, күні бойына көңіл күйсіз жүруіңіз мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай түс көруіңіздің кең тараған себебі – күні бойына жиналған күйзеліс. Әрине күйзелістік жағдайлар мен жаман жаңалықтардың барлығынан арылу мүмкін емес. Алайда жаңа зерттеу қорқынышты түстерден арылудың әдісін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Техас зерттеушілері күніне бір сағаттан аз емес физикалық белсенділік жақсы ұйықтауға және адамның түс көретін жалпы уақытын қысқартуға көмектесетінін анықтады. Зерттеу нәтижесі Scientific Reports журналында жарияланды.

Ғалымдар алты ай бойы ұйқы сапасын және жаттығулар ұзақтығы жайлы нақты ақпарат алу үшін 82 адамнан арнайы фитнес-білезік тағуын сұрайды. Зерттеушілер жүректің жиырылу жиілігі және ұйқыдағы дене қозғалысы жайлы ақпаратты қолданып, сол мәліметтер бойынша қатысушылар қай кезде ұйқының әртүрлі кезеңін өткенін және күнде қанша жаттығу жасағанын анықтайды. Адам жылдам ұйқы фазасында түс көреді, соның ішінде жағымсыз түс көреді. Осы кезеңде оның жүрегі жиі жиырыла бастайды.

Зерттеушілер қатысушылар жаттыққан күні жылдам ұйқы фазасында көп болмайтынын анықтаған: олар бұл кезде терең ұйқыда көбірек болған. Дәрігерлер терең ұйқы кезінде ағза қалыпқа келеді және қайта қуатталады деп санайды.

Сол үшін де физикалық жаттығулардан соң қатысушылар ұйқысының сапасына көңілдері толған болуы мүмкін. Олар өздерін сергек сезінетіндерін айтқан.

Мына нәрселер қорқынышты түстер көру қаупін арттырады:

  • Жаман жаңалықтар оқу. Егер күні бойына жаман және қорқынышты жаңалықтар оқи берсеңіз, түнде қорқынышты түс көруіңіз әбден мүмкін;
  • Күйзелісті елемеу. Ағзаңызды тыңдап, уақытында демалу маңызды;
  • Тойымды кешкі ас ішу. Егер кешкі аста артық тамақтанып қойсаңыз, сол күні жағымсыз түс көруіңіз мүмкін;
  • Алкоголь ішу немесе тыйым салынған психикалық белсенді заттар қабылдау. Олар жүйке жүйесіне жағымсыз әсер етеді және оларды ұзақ уақыт бойы ішсеңіз, жиі қорқынышты түстер көруге әкеледі.

Оқи отырыңыз: Адамдар жиі көретін 5 түс және олардың мағынасы

А. Жапатова