Бейнеулік кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен атыраулық 250 адамды үйіне орналастырды

Бейнеулік кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен атыраулық 250 адамды үйіне орналастырды
Фото: mangystaumedia.kz

Су тасқыны салдарынан Атырау облысынан келген халыққа маңғыстаулық ағайын көмек қолын созып, үй жаймен қамтамасыз етіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Солардың біреуі Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Меруерт Омарова өзінің үйіне 250 адамдай орналастырып, оларға көмектесіп жатыр.

"Құлсарының жағдайын көріп отырсыздар, түнімен Боранқұл ауылына тынбай халықты қарсы алдық. 3 мектепке, мәдениет үйіне, Боранқұл спорт залына, 4 мекемеге, оның ішінде менің бір мекемеме 100 адам орналасты. Сонымен қатар, өзімнің бір жерде орналасқан төрт үйіме 250 адамдай орналасты. Жағдайлары жақсы, бірақ бойларында қорқыныш, мұң бар", - деді ол.

Кәсіпкер әрдайым олардың жағдайларын сұрап, тамақтарын жеткізіп отыр.

"Үйлерінде қалған ер азаматтар телефон соғып "үйіміз құлады, үйімізге су кіріп терезеге дейін бойлап тұр, үйіміз суға батып кетті"дегенді естіген сайын жүрегім ауырды", - дейді кәсіпкер.

Атыраулық тұрғындар да қиын қыстау шақта қол созып, көмекке ұмтылған халыққа, Маңғыстау жұртшылығына алғыстарын жаудырып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина