Маңғыстау облысында балық аулауға шыққан екі азамат із-түзсіз жоғалып кетті

Маңғыстау облысында балық аулауға шыққан екі азамат із-түзсіз жоғалып кетті
Фото: Маңғыстау облыстық ТЖД

Маңғыстау облысында 3 сәуір күні теңізге балық аулауға резеңке қайықпен кеткен 2 азамат үйіне оралмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Түпқараған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, 3 сәуірде сағат таңғы 07:40 минут кеткен шамасында Омарова С. есімді тұрғыннан Форт Шевченко қаласынан Қызылөзен ауылы бағытына қарай Үрдек (Асан) теңіз жағасынан шамамен 25-30 шақырым қашықтықта 2 ер адам теңізге балық аулауға кетіп оралмағандығы жөнінде ақпарат түскен.

"Түпқараған ауданының азаматтары 1985 жылы туған Руслан Садықов, 1982 жылы туған Ғалымжан Серіков іздестіріліп жатыр. Өзімен бірге балық аулау торы болған. Азаматтарды іздестіру үшін 3 сәуір күні 09:15-де жедел құтқау жасағынан (3 қызметкер, 1 техника УАЗ, 1 резиналық қайық Сириус), Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Түпқараған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінен (2 қызметкер, 1 техника, 1 квадрокоптер және 1 "IRIDIUM" спутниктік телефон), Маңғыстау облысы бойынша ҚР ҰҚК ШҚ департаментінің Жағалау күзеті 2 дивизионнан (1 "Семсер" кемесі және 21 әскери қызметкер) іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ сағат 16:07 минутта "Қазавиақұтқару" АҚ МИ-8 тікұшағы да көмекке келіп, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнын (R-100км) жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша ұшып өтті (бортта 3 қызметкер және 2 туысы бар)", — дейді Түпқараған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау майоры Жолдыбек Бисенбеков.

Іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы