Алматылық дәрігерлер әйел мен сәбиін таңғажайып жағдайда аман алып қалды

Алматылық дәрігерлер әйел мен сәбиін таңғажайып жағдайда аман алып қалды
Фото: Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматылық дәрігерлер босанған әйел мен салмағы 1 келі сәбиді аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінес сілтеме жасап.

Александра ауыр әрі екі жақты субтотальды вирустық-бактериялық пневмония диагнозымен №4 қалалық клиникалық ауруханада емделіп жатқанда төртінші баласын дүниеге әкелген.

"Жүкті әйел бас ауруы, қан қысымының жоғарылауы, ентігу, әлсіздік шағымдарымен қабылдау бөліміне түскен еді. Онда екі жақты субтотальды пневмония анықталды. Терапевтер консультацияға гинекологтарды шақырды. Науқаста ауыр преэклампсия диагнозы, жүктілік мерзімі 26-апта екені белгілі болды. Әйел дереу жансақтау бөліміне жатқызылды, одан әрі емдеу және тексеру қатаң түрде жансақтау бөлімінде жүргізілді, сонда клиникалық, зертханалық және аспаптық тексерулер жүргізілді, бірнеше консилиум өткізілді", - дейді Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана гинеколог дәрігері Анжела Омарқұлова.

Қалалық консилиум негізінде науқасты 48 сағат ішінде кесарь тілігі арқылы босандыруға шешім қабылданған.

Осы мақсатта №2 перинаталдық орталықтан акушерлік-неонаталдық бригада шақырылып, кесарь тілігі №4 қалалық клиникалық аурухананың оталық бөлімдерінің бірінде жасалды.

Салмағы 1 келі 400 грамм болатын қыз бала дүниеге келді. Нәрестені неонаталдық бригада қабылдап, жаңа туған нәрестелерге арналған арнайы инкубаторда перинаталды орталыққа жеткізді.

"Босанған әйелдің жағдайы өте ауыр деп бағаланып, ол одан әрі емделу үшін №4 қалалық клиникалық ауруханада қалдырылды. Мұнда науқас 12 күн болды. Әйелдің жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды", - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың гинекологы Анжела Умаркулова.

Қазір Александра мен оның сәбиінің өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ. №2 қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері баланы шығаруға дайындап жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова