Астанада көкнәр саудасын ұйымдастырған бір отбасы сотталды

Астанада көкнәр саудасын ұйымдастырған бір отбасы сотталды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Астанада көкнәр саудасын ұйымдастырған бір отбасы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 7 адамнан тұратын отбасы мүшелеріне қатысты үкім шығарды. Олар көкнәр сабаны мен опийі бар 5 тоннадан аса көкнәрді сақтап, бөлшек саудамен айналысқан деп айыпталды.

Сотталғандар Астана, Қостанай және Рудный қалаларындағы азық-түлік дүкендерінде құрамында есірткісі бар заттарды заңсыз сату арқылы "отбасылық" бизнес ұйымдастырған.

Сотта мемлекеттік айыптаушылар олардың азық-түлік дүкендерінде нашақорларға опийлық көкнәрді тағамдық көкнәр, сондай-ақ, құрылыс мақсатындағы еріткіш, ас содасы, сірке суы, "Тропикамид", "Мидакс" медициналық заттары түрінде сатқанын дәлелдеді.

Сот процесі алқабилердiң қатысуымен өтті. Олардың үкімі негізінде сотталушылар ұзақ мерзімге, яғни 10 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова