"Жалғыз ешкі тірі қалды". Көкалат ауылында тұрғынның 700 бас малы суға кеткен

Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Көкалат ауылында су тасқынынан ірі шаруа қожалықтары зардап шеккен. Сол қожалық иесінің бірі - Жанбақыт Қазымжан. Торғай өзенінен келген тасқыннан тұрғындар Көкалатты сақтап қалғанмен, қожалықтары түгелдей суға кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Көкалат ауылында 80 шақты үй, шамамен 300-400 халық тұрады. Ауылдағы халқы биыл су тасқынына төтеп беруге барын салды. Тасқын кезінде басқа аймақта оқып жатқан жастарда келіп көмектесті. Бәріміз қолдан бөгет жасап, ауылдың өзін аман алып қалдық, алайда ауыл маңындағы шаруа қожалықтарының бәрі суға кетті. Бүгінгі таңда тек 1-2 шаруа қожалығы қалды. Тасқынның көзі Торғай өзенінен келіп жатыр", - дейді Қазымжан.

Оның сөзінше, ауыл азаматтары бір-біріне көмек қолын созуда.

"Ауыл тұрғындары аман-есен, бірақ жеке қожалықтардың шарушылығындағы мал басы көп шоғырланған. Онда арнайы үйлері, мал орындары бар. Ең көп шығын сол қожалықтарда болды. Су тасқынан қой мен ешкіні қосып санағанда 700 бас суға кетті. Жалғыз серкеміз ғана қалды. Сиырдан да шығын бар, жаңадан туған бұзаулардың жартысы өліп кетті. Қалған сиырларымыз орында тұр, жейтін азығы дұрыс емес. Бүгінде 780 басты ірі қара мал өз күндерін өзі көріп, сол жерде жүр. Енді тасқын беті қайтқан соң шығын басын тағы есептейміз деп отырмыз", - деді Көкалат тұрғыны.

Ауыл тұрғыны жергілікті әкімдік тарапынан көмек беріліп жатқанын айтады.

"Қазіргі кезде шалғайда қалған адамдарға тамақты тікұшақпен тасып жатыр. Олар ол мал-жанын тастап кете алмайды ғой. Тіпті Аудан орталығы Торғайдан Көкалатқа дейін тасып беріп жатыр", - деді Жанбақыт Қазымжан. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!