Баланы омырау сүтінен ерте ажырату қандай салдарға әкеп соқтыруы мүмкін?

Ана сүті жаңа туған нәресте ағзасына сай келетін жалғыз өнім. Оны ешқандай мал сүті мен жасанды қоспа алмастыра алмайды, өйткені бала өзіне қажет қоректі, пайдалы барлық затты тек ана сүтінен ала алады. Сондықтан баланы омырау сүтінен ерте ажырату баланың денсаулығына белгілі бір әсерін тигізуі мүмкін. Отбасылық дәрігер, педиатр Гаухар Жұматқызы Massaget.kz тілшісіне бала омырау сүтінен шығуға қашан дайын болатынын және оны қалай шығарған жөн екенін айтып берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бала ана сүтін кем дегенде 2 жасқа дейін ішу керек. Алайда педиатр өмірде түрлі жағдай болатынына назар аударды, сондықтан баланың қанша уақыт омырау сүтін ішетінін әр ана өз қолайына қарай шешеді. 

Маман сондай-ақ, "ана сүтінің құнары бір жылдай кейін кетеді" деген ел арасында тараған пікірді жоққа шығарды. 

Сәби омырау сүтінен шығуға қай кезде дайын болады?

Отбасылық дәрігер баланы емізуді тоқтатудың дайындық белгілерін екі топқа бөлді. Яғни, баланы омырау сүтінен ажыратуға ана да, бала да дайын болуы шарт.

Ананың дайындық белгісі:

  • Ана баланы бірнеше сағат бұрын емізсе де, омырауда сүт толып тұру сезімі, ауырсыну, ісіну болмайды - бұл ағза дайын деген сөз;
  • Ана баланы емізуді тоқтату кезінде уайымдап, сағынып, екі ойлы болса, әйел әлі толық дайын емес деген сөз;
  • Ана баланы омырау сүтінен сенімді түрде ажыратамын десе, эмоционалдық тұрғыдан дайын екенін көрсетеді.

"Бала сенімсіздікті сезеді", - дейді педиатр. 

Баланың дайындық белгісі: ⠀

  • Баланың омырау сүтін ішуге деген құлшынысы азаяды, көбіне ұйқыға жатар алдында, ұйқыдан оянған кезде ғана емеді;
  • Бала жылағанда, оны ана сүтінсіз жұбатуға болады, алданады;
  • Бала ана сүтінсіз немесе өзге адаммен бірге ұйықтай алады;
  • Бала тамақ ішеді.

"Бұл шартты белгілер, баланы омырау сүтінен ажыратамын деп жоспарлаған әйел осы белгілермен жұмыс істеуі керек", - деді ол.

Баланы омырау сүтінен ерте ажырату оның психикалық жағдайына әсер ете ме?

Гаухар Жұматқызының айтуынша, баланы омырау сүтінен ерте немесе кеш ажырату белгілі бір көлемде баланың психикалық күйіне әсер етеді.

"Баланы емізуді бірден тоқтатпаған жөн, өйткені ана сүті бала ағзасы үшін өте маңызды. Бала ана сүтін тек тамақ ретінде қабылдамайды, мұндай кезде бала мен ананың арасында үлкен байланыс бар. Бала омырау сүтімен қоректенетін кезде анасы екеуін бір адам деп ойлайды", - деп түсіндірді отбасылық дәрігер. 

Сонымен қатар, педиатр кейбір аналардың баланы омырау сүтінен ажырату әдісінің дұрыс емес екенін ескертті. 

"Кейбір аналар баланы емізуді тоқтату үшін өзі қыдырып кетіп қалады немесе перзентін ата-әжесінің үйіне апарып тастайды. Бұл дұрыс емес. Баланың психикалық күйі әлсіз екенін, әлі эмоциясын, сезімін сөзбен жеткізе алмайтынын есте сақтау керек. Әйтпесе, мұндай кезде бала күйзеліп, түрлі соматикалық аурулар дамуы мүмкін. Сондықтан ана емізбесе де баланың жанында болып, жасанды қоспаның өзін құшақтап отырып беру, ауыр кезеңнен жайлы өтуге көмектеседі", - деді маман.

Баланы омырау сүтінен қалай ажыратқан дұрыс? 

Бала мен ананың дайындық белгілерін анықтадық, енді баланы омырау сүтінен ажыратуға кірісеміз.

1. Балаға омырау анаға тиеселі екенін - ұғындыру.

"Бала 1 жастан асқан соң түсіндіріп айтқан жөн. Ол киіміздің алдын өзі ашып жатса, қолын итеріп, "бұл менікі" деп өзіңіз ашып беріңіз. Баланы өзіңіз қалаған уақытта ғана емізіңіз. Баламен "тамақ ішіп болғаннан кейін немесе серуендеп келген соң" деп келісіңіз", - деді отбасылық дәрігер.

2. Баланың көңілін басқа затқа аударуға тырысу.

"Ему баланы тыныштандырады, зеріккен кезінде де еме береді. Сол себепті баланы тыныштандырудың өзге жолын табу қажет. Зерікпес үшін бірге ойнаңыз, серуендеңіз, баланың көңілін басқа затқа аудару жолын іздеңіз", - дейді ол.

3. Емізу мен ұйқыны бөлу.

"Ең қиыны осы, ең алдымен күндіз емізуді азайтамыз, тек түнде емізуге тырысамыз. Балаға ұйқы режимін қалыптастыру қажет, мысалы күнделікті әдет ойлап табу, ән қосу, массаж жасау, кітап оқу. Еміп ұйықтаған кезде балада "ұйқы мен тамақ" бір деген ассоциация қалыптасады. Түнде оянған сәтте өзі тез ұйықтап кете алмайды, міндетті түрде емізу керек болады. Мұның себебі оның қарны ашуы емес, өзі ұйықтай алмауы. 

4. 1 жасқа дейінгі балаға міндетті түрде ана сүті орнына жасанды қоспа беру керек.

5. 1,5 жасқа дейінгі балаларға сору рефлексін қандыру үшін емізік беруге болады.

"Керісінше жағдайда балада саусағын, ернін сору әдеті пайда болады", - деп қорытындылады Гаухар Жұматқызы. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Қадір түні қандай дұға оқу керек?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!