Бишімбаев тергеу изоляторында да өз-өзін өлтіруге оқталған

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Екінші мемлекеттік айыптаушы Саяхат Нұрбеков Қуандық Бишімбаевтан жауап ала бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокурор Нұрбеков Бишімбаевтан сол күнгі оқиғадан кейін тағы да суицидке оқталу әрекеті болып-болмағанын сұрады.

"Тергеу изоляторында да ондай әрекеттер жасауға тырыстым", - деді Бишімбаев.

Артынша мемлекеттік айыптаушы бес ай бойы бейнебақылау камераларын бақылағанын, алайда мұндай әрекетті байқамағанын мәлімдеді.

"Құрметті сот, құрметті алқабилер, Бишімбаев ұсталған сәттен бастап бес ай бойы жеке өзім процессуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторының камерасына орнатылған бейнебақылау камерасын қарадым. Соған назар аударсаңыздар деймін. Осы бес ай ішінде бірде-бір рет өзіңізге зиян келтіруге тырыспадыңыз. Сол күні куәгердің көзінше өз-өзін өлтіруге оқталғандай әрекет не үшін істелді?" - деді прокурор Саяхат Нұрбеков. 

Еске салайық, бұған дейін де Қуандық Бишімбаев сот отырысында оқиға болған күні неге пышақ ұстап жүргенін түсіндірген болатын. 

"...Мен ол көз жұмғанын түсіндім. Жедел жәрдем келіп, жансақтау шараларын істей бастады. Мен есеңгіреп қалдым. Кейін асүйге барып, пышақ алдым. Бір ғана ой болды: өз-өзіме қол жұмсасам дұрыс болады деп ойладым. Кейін полиция келді. Мән-жай осылай болды",- деді Бишімбаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз