Шымкентте белгісіз ер адам дүкен алдында тұрған әйелді теуіп, аяусыз соққыға жыққан

Шымкентте белгісіз ер адам дүкен алдында тұрған әйелді теуіп, аяусыз соққыға жыққан
Фото: otyrar.kz

Шымкентте белгісіз ер адам дүкен алдында тұрған әйелді теуіп, аяусыз соққыға жыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Шымкентте 50 жастағы ер адам гүл сататын дүкен алдында тұрған әйелді теуіп, жұдырығын ала жүгірген. Бұл сәт сыртқы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Видеоны жәбірленуші әйел Instagram парақшасында жариялап, оқиға қалай болғанын баяндап берді.

Шымкент тұрғыны 13 ақпанда кешкі сағат 18.10 шамасында құрбысының туған күніне бармақ болып, "Нұрсат" шағынауданында орналасқан дүкеннен гүл сатып алған. Сыртқа шығып, такси шақырмақ болған. Осы сәтте белгісіз ер адам оның арқасынан тепкен. Алғашында әйел ер адам байқаусызда құлап қалды деп ойлаған. Алайда ол орнынан тұрып, әйелдің бетінен жұдырықпен қатты соққы берген. Жан дауысы шыққан әйел жан-жағынан көмек сұрапты. Бірақ ешкім көмекке келмеген. Содан ол полицияға, кейін әкесіне хабарласқан. Одан соң жедел жәрдем шақырған.

"Не болып, не қойғанын түсінбей қалдым. Басым айналып, жүрегім айни бастады. Айналамдағы үлкен әйелдер "Сен өзің не айтып едің?" деп сұрады. Тура осы сұрақты учаскелік полицей, тергеуші, тіпті криминалист те қойды. Әлгі маған тап берген ер кісі болса, полицейлердің көзінше мені тауып алып, өлтіріп кететінін айтып қорқытты", - деп жазды жәбірленуші.

Бұл оқиғадан кейін соққы алған әйел тіпті орнынан қозғала алмай қалған екен. Бас миы шайқалған. Арқасы ауырсынып, ұзақ ем алуға мәжбүр болған. Оқиға болғаннан кейін шамамен 3 аптаға дейін полициядан еш хабар болмапты. Кейін тергеуші хабарласып, істің мән-жайын жеткізген.

Жәбірленушінің сөзінше, тергеуші кезекпен ауысып, тек үшіншісі істі сотқа жіберіпті. Алайда ер адам екі рет сотқа келмеген. Оның бірінде ол Қызылордада болғандықтан, үлгермей қалғанын айтқан, ал екіншісінде масаң күйде болып, Қызылордадан қайта алмапты.

"Ең қорқыныштысы, қандай жағдай болмасын әйел кінәлі болып шығады. Оқиға болған жерде тұрғаны үшін кінәлі, күн жарықта көшеде таяқ жегені үшін кінәлі. Біз енді жан-жағымызға ғана емес, артымызға да қарап жүруге міндеттіміз. Маған тура осындай шабуыл жасалды. Оны түрмеге қамау үшін бәлкім пышақ жарақатын алып, басым жарылу керек пе еді? Қалай ойласыздар?" - деп жазды жәбірленуші.

Басты сот талқылауында Қызылорда облысының тумасы, 50 жастағы ер адам әйелге шабуыл жасаған кезде масаң күйде болғаны айтылған. Ол кінәсін мойындаған. Алайда не үшін мұндай қылмысқа барғанын түсіндіре алмаған. Тек полицейлер келгенде есін жиғанын айтқан. Сотта сотталушы жәбіренушіден кешірім сұраған. Алайда әйел кешірім бермеген.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және қоғамдық орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылу жазасы тағайындалды. 

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Лаура (@laurenty_ospanova)

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова