Артында 3 баласы қалды: Түркістан облысында құдыққа құлаған әйелдің жақындары жанайқайын жеткізді

Әлеуметтік желіде 20 шақты күн бұрын 29 жастағы әйел құдыққа құлап қайтыс болды деген ақпарат тараған еді. Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде бұл жайтқа қатысты әлі күнге тергеу жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтып, наразылығын білдірді. Олар Рима Черныхты біреу өлтіруі мүмкін деп топшылайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

18 наурызда Майтөбе ауылы маңындағы құдық құбырынан 29 жастағы әйелдің денесі шығарылған еді. 40 метрден аса тереңдіктен арнайы құралдарымен тартып шығарылған әйелдің туыстары оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды. Себебі қайтыс болған әйелдің басында ісік пен денесінің көгерген жерлері болыпты. Сонымен қатар, бір уыс шашы марқұмның қолыннан табылған. Ал күйеуінің сөзінше, олар тіпті бірге шетелге саяхат жасауды да жоспарлаған.

"Мен жұмыста едім. Сол күні түнде сөйлескенде бәрі жақсы болған. Ташкентке қалай баратынымызды, қайда қыдыратынымызды талқылағанбыз. Ал ертесіне таныстарымыз маған әйелің құдыққа түсіп, қайтыс болды деп хабарласты. Онда да өзіне қол жұмсаған дейді. Ол мүмкін емес. Құдықтың ішіне түскен қыз бір қолының жоғары, екінші қолының төмен тұрғанын айтты. Егер өзі құласа екі қолы да жоғарыда болмай ма? Құлап бара жатқан кезде жанталасып айналасын ұстау керек қой. Тырнағының арасында ондай белгілер болмаған. Үстінде күртесі болғанымен аяғында аяқкиімі жоқ. Ал ішіндегі киімі жыртылып кеткен. Біз оны құдық ішіне әдейі біреу лақтырып жіберген деп ойлаймыз. Себебі әйелім ол жерді білмейді. Өмірінде ол жерге барып көрмеген", - дейді марқұмның күйеуі Михаил Черных.

Марқұм Рима Черных өз ауылынан 5 шақырым ары қашықта орналасқан ауыл маңындағы құбырдан табылған. Қара жамылған отбасы оны біреу қасақана өлтіруі мүмкін деп санайды. Олардың сөзінше, денесін алып шығу үшін түскен қыздың өзі онда әрең кірген. 

"Мен істің мән жайын білуге полицияға барғанда бір-біріне суицид бойынша туыстары келді деді. Алайда қазірге дейін ешкімнен сұрақ-жауап алмады, экспертиза жүргізіп жатыр ма, айтпады. Ал куәгерді 1 күннен соң шығарып жіберген. Сол кісі келінімді сонда апарған. Жағдайды ести сала құдыққа барған кезде, әлгі бала сонда жүрді. Мас. Менің келінім өліп жатса, сонда ертіп апарған адам мәз болып тұрды. Мұнда күмән бар. Ол жігіт келінімді "өлгім келеді" деп секіріп кетті" деп айтты бәріне. Бірақ кішкентай ғана құбырға қалай сыйды. Қалай секіреді онда? Бірден секіріп кетуі мүмкін емес. Секірсе де, неге қасындағы жігіт ұстап қалуға тырыспады. Бірінші барған анасы ішінен құтқарыңдар деген сөзді естіпті", - дейді марқұмның енесі Светлана Черных.

Бұл жайтқа қатысты марқұмның жақындары әлі күнге тергеу жүргізілмегенін айтып, көмек сұраған еді. Ал полицейлер іс "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тіркегенін мәлімдеді. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.

"Қазір "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданаады", - дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.

Рима Черныхтың артында 3 баласы қалды. Оның үлкені 9-да болса, кішісі небәрі 4 жаста.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 29 жастағы қыз құдыққа құлап кеткені хабарланды. Кейінірек Түркістан облысында құдыққа құлаған адамға қатысты тың дерек шықты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!