Қазақстанда ұялы байланыс қызметінің бағасы негізсіз көтеріліп жатқаны айтылды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде ұялы байланыс қызметі негізсіз қымбаттап жатқанын, байланыс операторлары заңның жұмсақтығын пайдаланып отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметінің тарифтік жоспары 2023 жылы 57 пайызға дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тариф орташа есеппен 13 пайыздан 37 пайызға дейін көтерілген.

2023 жылғы сәуірде Билайн "Яркий" тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсім – 39 пайыз), Кселл мен Теле2 тамыздан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Мысалы, "Реальный безлимит" (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсім – 29 пайыз), "Просто супер" (Теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсім – 27 пайыз) өсті.
Ең қызығы, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни 59% пайызға қымбаттады", - деді депутат.

"Байланыс туралы" заңның 20-бабына сәйкес операторлар байланыс қызметінің тарифтерін өздері қояды.

"Осылайша, олардың тарифті негізделген шығындар бойынша өздері қалыптастыруына жағдай жасалып қойылған. Тіпті, операторлар Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болғаны.

Агенттік бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда, айыппұл сала алады. Оның мөлшері монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі 5%-на тең. Өйткені бәсекелестікті дамыту үшін Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеу алынып тасталған. Осылайша, байланыс тарифінің жөнсіз көтеріле беруіне, біріншіден, заңның жұмсақтығы себеп, екіншіден, операторлардың нарықта монополиялық жағдайды иемденуіне байланысты", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын көтеру фактілері жиі кездеседі.

"Тұтынушылардың шағымын негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізген. Бірақ ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей, соттасып жүрген көрінеді", - деді депутат.

Ол бүгінде бағасына қарамастан ұялы байланыс қызметінің сапасы сын көтермейтінін жеткізді.

"Тағы бір мәселе, ұялы байланыс қымбат болса да, сапасының сын көтермеуімен байланысты. Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67 орында тұр", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат интернет жетпеген ауылдардың мәселесін де көтерді.

"Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6 290 ауыл болса, соның шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ, ал 902 ауылда тек бір мобильді оператор бар. Демек, тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ. Содан кейін "қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса" дегендей, операторлар өзі қалаған бағаны қоймай қайтсін", - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев мәселені шешу үшін өз ұсыныстарын айтты:

  1. Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі барынша ескерілгені жөн.
  2. Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елдімекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауға тиіс. Осы ретте мүлдем мобильді интернеті жоқ 1432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты жол картасын даярлауымыз қажет.
  3. Үкімет ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!