Омбы - Майқапшағай халықаралық тасжолын су тасқыны шайып кетті

Абай облысындағы Омбы - Майқапшағай халықаралық тасжолын су тасқыны шайып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соның салдарынан 3 автобус пен 30-ға жуық жеңіл көлік су басқан жерден өте алмай жолда қалды

"Қалбатау - Майқапшағай тасжолы, Боғас пен Зайсан аралығында көліктер тұрып қалды. Қар еріп, жаңбыр суынан су көтеріліп, жолды алып жатыр. Қызыл су тасжолдарды шайып жатқандықтан, көліктердің өтуі қиындап жатыр", - деді жолда қалған Жандос Мақсатов.

Тасқынға шыдас бермей тасжол да опырылып түскен. Қазір полиция қызметкерлері су құрсауында қалған 72 жолаушыны құтқарды. Оның 19-ы - бала.

Ал "ҚазАвтожол" мамандары қатынасты қалыпына келтіру үшін үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Аудандық маңызы бар үш жолды тасқын су тас-талқан еткен. Сол себепті ауылдармен қатынас үзіліпті. Ал қалған жолдарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су деңгейіне бақылау жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысындағы екі ауданда төтенше жағдай енгізілгені хабарланды. 

Жадыра Мұратбекова

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!