Түркістан облысында полицейлер жүргізушіге электршокер қолданып, күш қолданған

Желіде Түркістан облысы Жетісай ауданында тәртіп сақшылары ішімдік ішті деп күдікке ілінген жүргізушіге электрошокер қолданып, қинаған сәттің видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Видеоны Асылбек Тұмышев есімді Facebook қолданушысы өз парақшасында жариялады.

Жеңіл көлік жүргізушісі жол ережесін бұзғаны белгілі болды. Полицейлер оны "ішімдік ішті" деген күдікпен тексеруге алып кетпек болған. Алайда ер кісі ішімдік ішпегенін айтып, полиция көлігіне отырудан бас тартқан.

Видеодан жүргізушіге бір топ досы араша түскен сәтті байқауға болады. Тіпті олардың бірі көлік тізгіндеген ер адам бес уақыт намазын оқып, мешітте азан шақырып жүрген азаншы екенін алға айтады. Жүргізуші де "туғалы спирттік ішімдік ішпегенін" айтады. Полицейлер талапқа бағынбаған жүргізушіге электрошокер қолданып, тексеруге алып кеткен. Тексеру нәтижесі бойынша жүргізушінің ішімдік ішпегені анықталады.

Жүргізушінің айтуынша, жаны қиналған оның электрошокер салдарынан денесі жарақаттанған.

Түркістан облыстық полиция департаменті аталған видеоға қатысты түсінік берді. Ведомство мәліметінше, полицейлер  көшелерді патрульдеу кезінде жол ережесін бұзған Daewoo NEXIA автокөлігінің жүргізушісін анықтаған. Оған сақтандыру полисінің болмағанына, техникалық байқаудан өтпегеніне және жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Жүргізуші осы оқиғадан кейін Түркістан облысының полиция департаментіне арызданған. Қазіргі таңда қызметтік тексеру жүріп жатыр. Соның нәтижесі бойынша полицейлердің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!