"Су тасқынынан адам өлімі тіркелмеді". Вице-министрдің сөзі күдік тудырды

"Су тасқынынан адам өлімі тіркелмеді". Вице-министрдің сөзі күдік тудырды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың Қазақстандағы су тасқынынан адам өлімі тіркелмеді деген сөзі журналистердің күдігін туды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінде су тасқынынан бірде-бір адам су тасқынынан қаза тапқан жоқ. Бұл Төтенше жағдай министрлігі қызметкерлерінің дайындығын көрсетіп, уақытында жұмыс істеуіміздің нәтижесі деп айтуға болады", - деді Бауыржан Сыздықов.

Осы уақытта БАҚ өкілі министрдің орынбасырына сұрақ қойды.

"Сіз су тасқынынан ешкім қазаға ұшырамағанын айттыңыз. Алайда Абай облысы Аягөз ауданы Қаратал ауылында трактордың үстінде 10 сағат отырып, 2 адам суға ағып кеткен. Қазір олардың денесі табылмай жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері оларға неге 10 сағат бойы бара алмады?", - деді журналист.

Бауыржан Сыздықов суға ағып кеткен ауыл тұрғындары өз өмірін тәуекелге тіккенін атап өтті.

"Трактордағы 2 адамның жоғалуына тоқталайын. Бұл жағдай су тасқынына байланысты емес. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кірген. Түсінесіз ғой? Олар судың ортасында қалмаған. Олар тракторға отырып, жолды қысқартамыз деп суға кірген. Олардың 10 сағат бойы бізді күткені туралы ақпаратты тексерейік", - деді Бауыржан Сыздықов.

Айта кетейік, бұған дейін 26 наурызда Абай облысы Аягөз ауданыны Қарағаш ауылында тракторда отырған 2 адамның өзенге ағып кеткені туралы хабарланған. Бүгінде олар іздестіріліп жатыр.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz