"Айыбын жуып-шаймақ болды". Алматыда өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша ұсынған

"Айыбын жуып-шаймақ болды". Алматыда өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша ұсынған
Фото: видеодан алынған кадр

Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша бермекші болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, олар болған жайтқа өкінетінін айтып, кешірім сұрап барған, бірақ олар кешірім бермейтінін айтып, кінәлі тараптан бірде-бір тиын алмаймыз деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Нұрбол Қайыпбаевты үш баласы мен туған-туысы кеше ақтық сапарға шығарып салды. Қасіреттен жүрегі қансыраған ана мен жесірі марқұмды жоқтауға шамасы келмей, өзін әрең ұстап отыр. Қапыдағы өлім Нұрболдың аға-бауырларын да біраз есеңгіреткен. Олар жаназа кезінде күдіктінің туыстары ақша ұсынғанын айтты.

"Алдымыздан өтті, "кешіріңіздер" деп, бірақ кешірім болмайды дедік, сот болады. Әділ сот болғанын қалаймыз дедік. Жеңгеме "маған нөмірін бер, ақша салып жіберейін" дейді. Ондай көмек керек емес дедім, ешқандай көмек керек емес. Елдің бәрі, бүкіл Қазақстан болып жинап жатыр. "Кешірім болмайды" дедім, болды", - деді марқұмның інісі Руслан Қайыпбаев.

Расында айыбын жуып-шаймақ боп ақша ұсынғандардың күдіктіге қандай жақындығы бары белгісіз. Өйткені оның әкесі ақша ұсынбақ түгілі, күзетшіні өлтіргенді танымаймын деп басын ала қашқан.

Қапыда отағасынан айырылған жары мен үш баласына ауыр соққы болды. Үлкені 14 жасқа толса, кенжесің жасы бесте. Барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Жесір қалған жарының шотына қазақстандықтар қазір көңіл айтып жапаай ақша аударып жатыр.

"Тергеудің жан-жақты әрі әділ болуы үшін барлық дәлел-дәйектерді жинап жүрміз. Осы тұрғыда жәбірленушілерге барынша көмек көрсетіп жатқан қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Қаржылай көмек бергісі келетін жандарға айтарымыз, марқұмның бауыры Руслан мен мен жұбайы Әсемге аударсаңыздар, себебі жәбірленушілердің атын жамылған алаяқтар көбейіп кетті. Абай болыңыздар", - деді қорғаушы Асылбек Әбдірайымов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан