Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады

Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйі туралы баяндалды.

Руслан Жақсылықов:

  • әскери бөлімшелердің жедел іс-қимылдарға және жауынгерлік дайындығы, басқару органдары мен жеке құрамды оқытуға бағытталған негізгі күш-жігер жөнінде айтты. Қарулы Күштердің дағдарыс жағдайында, оның ішінде қазіргідей су тасқынына қарсы күрес кезінде орталық және жергілікті билік органдарымен тиімді байланыс орнатуы маңызды екеніне назар аударылды;
  • Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жарақтандыру, аумақтық қорғаныс әскерлерін күшейту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру ісі жөнінде мәлімет берді;
  • еліміздің ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында 2024 жылға жоспарланған шаралар, сондай-ақ ауқымды оқу-жаттығу жиындарын, оның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізу жайында айтты;
  • ведомствоның жауынгерлік-патриоттық тәрбие беру, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін және әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстары туралы баяндады.

Президент БҰҰ аясында Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлік контингент қызметінің маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуетін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина