Экономика өсіп жатыр, бірақ халық неге кедейленіп барады? - экономист жауабы

Экономика өсіп жатыр, бірақ халық неге кедейленіп барады? - экономист жауабы
Фото: pixabay.com

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев неге қазақстандықтардың кедейленіп бара жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекеттік бюджеттің жағдайы мәз емес. Бұрынғы үкіметтің экономикалық блогы өте күрделі мәселелер тастап кетті. Біздің мемлекеттік шығыстарымыз 60 пайызға, яғни 10 триллион теңгеге өсті. Бюджеттің шикізаттық емес тапшылығы 8 триллион теңгеге жетті. Былтыр бюджетті қысқартып, шенеуніктердің, мемлекеттік арналардың жалақысын төлеу үшін ірі салық төлеушілерден алдын ала шамамен 3,5 миллион теңге салық алуға тура келді. Бұл, әрине бюджетке теріс әсер берері анық. Демек бізге бюджеттің шығыстарын қысқартып, оны тұрақты ететіндей шараларды қолға алу керек. Менің ойымша, бірнеше жыл шыдайтын шығармыз, бірақ кейін дефолт болуы мүмкін", - деді Рахым Ошақбаев. 

Рахым Ошақбаевтың сөзінше, елімізде экономикалық өсім бар, алайда қарапайым азаматтар кедейленіп бара жатыр. Экономист мұндай құбылысты түсіндіруге былай түсіндірді.

"Қазақстандағы экономикалық өсім халықтың әл-ауқатына әсер етпейді. Басқа елдерде мұндай өсім бірден көрініс тауып жатады. Қазақстанда экономика өскенмен, оның игілін банктер, қаржы институттары және ірі компаниялар көріп отыр. Жалпы, елімізде жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру деген мақсатымыз бар. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Қазіргі таңда тағы ЖІӨ-нің уақытша екі еселенуіне талпынып жатырмыз. Теориялық тұрғыдан оны екі есе арттырсақ, керісінше біз одан да кедей болып кетуіміз мүмкін", - деді сарапшы. 

Ошақбаев Қазақстанда іскерлік жағынан да пессимизм деңгейі артқанын атап өтті.

Біз жалпы ішкі өнімді екі есе ұлғайтудан бас тартып, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын дұрыстауға ден қоюымыз керек. Ол ең бірінші шешілетін мәселе болуға тиіс. Жалпы, халықтың қандай да бір оптимизмге, болашаққа сеніммен қарау өте маңызды, - деді ол. 

Сарапшы үкімет қарапайым тұрғындардың нақты әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отырған жоқ дейді. Айтуынша, қазақстандықтардың күн көруі қиындап бара жатыр.

Астанамыздың өзінде балалардың тек 30-40 пайызы балабақшаға барады. Өйткені бүгінде олардың саны жеткіліксіз болып отыр. Онымен қоса, білім сапасы, жалпы инфрақұрылым да әлі төмен деңгейде. Біздің азық-түлік бағасына инфляцияда өз әсерін тигізіп жатыр. Коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармайдың бағасы ақырындап көтеріліп келеді. Мұның бәрі халықты біртіндеп қымбатшылыққа апара жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Ордабаев