"Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді". Депутат Скляр бастаған Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыруды талап етті

"Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді". Депутат Скляр бастаған Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыруды талап етті
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыруды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Аймақтарды аралап, Ақтөбенің ортасына жеттік, бірақ, қадірлі ағайын, шынын айту керек, әкімдіктердің дайындығы өте нашар. Тіпті басқасын айтпағанда, кейбір аудан әкімдіктерінің резервінде не қайық жоқ, су етік табылмай жатыр. Әкімдік пен Үкіметтің арасындағы байланыс жоқтың қасы десек болады. Бұған бірінші кезекте кім жауапты? Оның ашығын айтуымыз керек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауапты. Кеше Ақтөбеге келді. Алға дейтін бір ауданға барды, бірақ судың астында қалған Ойылға неге бармайды? Бұның алдында алапат өрт болғанын білесіздер, қаншама адам өртеніп кетті. Бұған да кім жауапты? Роман Скляр жауапты. Сөгіспен құтылды. Жылу электр станциялары істен шығып, қақаған қыста қаншама адам далада қалды. Сондықтан Президент басқаларға сабақ болсын деп, сөгіс жариялап жатыр, бірақ Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді ғой деп ойлаймын. Бұйырса, таңертең Астанаға ұшып барамыз. Комитетте осы мәселені көтеремін", - деді Толықбай. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мақсат Толықбай (@maksattolykbai)

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан