Жамбыл облысында балалар қауіпті автобустармен тасымалданған

Тараз прокуратурасы қала мектептерінде балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізді. Тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Нәтижесінде қала мектептеріндегі 19 автобустың 10-ы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің талаптарына сәйкес келмеген.

Атап айтқанда, жүргізушілер рейс алдында медициналық тексеруден өтпеген, автобустарда медициналық қобдишалар, өрт сөндіргіштер, "Балаларды тасымалдау" белгілері болмаған.

Автобустарда тасымалданатын балалардың жалпы саны отыруға арналған орындардың санынан асқан.

Балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, жүргізуші тасымалдауды жүргізуші куәлігінің тиісті санаты болмай, сақтандыру полисінсіз және техникалық байқаудан өтпей жүзеге асырған.

Прокурорлық қадағалау актілерімен кінәлі адамдар әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Қазір анықталған бұзушылықтар жойылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз