Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа тергеу аяқталды: ол қандай күдікке ілінді?

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа тергеу аяқталды. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуды жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайына қатысты тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысты. Антикор мәліметінше, Алматы тергеу сотының санкциясы бойынша Гүлмира Сатыбалды қамауда отыр.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Г. Сатыбалды мен басқа адамдардың Қазақстан Қылмыстық кодексінің 126-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса" - еск.), 194-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы ("Қорқытып алу, аса iрi мөлшерде жасалса" - еск.) және 389-бабтың, 4-бөлігінде ("Өзiнше билiк ету, осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер" - еск.) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдік бойынша тергеуді аяқтады", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Tengrinews.kz ресми сауал салуына жауабында.

Антикор мәліметінше, басқа ақпарат жария етілмейді. 

Еске салайық, бұған дейін Астанада кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға үкім шығарылғанын хабарлаған едік. Оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Прокурор Сатыбалдыны 8 жыл бас бостандығын айыруды сұраған болатын. Жәбірленушілер сотта оларға шамамен 12 миллиард теңге қайтаруды талап етті, олардың арасында белгілі кәсіпкер Тұрсен Алагөзов пен Айгүл Мекешева бар.

Бұған дейін кінәсін жоққа шығарған Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі өткен отырыста тағылған айыппен ішінара келіскен еді.

Айта кетейік, бұған дейін сотта Гүлмира Сатыбалдының Алматы облысындағы үйі көрсетілген болатын. Ол адам ұрлады және озбырлық жасады деген күдікке ілінді. Сондай-ақ екі бизнесті рейдерлік жолмен басып алғаны айтылды.

Жәбірленуші - Баян Алагөзованың күйеуі. Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты жаңа деректер шықты

Еске салайық, бұған дейін Гүлмира Сатыбалды аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Былтыр 18 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша соталды тергеуді бастағаны туралы мәлімдеді. Кейінірек Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу аяқталғаны белгілі болды. 

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс: мемлекетке қанша залал келтірілген?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!