Баланың "закладчик" болып жұмыс істейтінін қалай білуге болады? ІІМ ескерту жасады

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев баланың "закладчик" болып жұмыс істейтінін қалай білуге болатынын айтып, ата-аналарға үндесу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде кез келген оқушы интернетті еркін пайдалана алады.

"Сондықтан баланың есірткі курьерлерінің немесе нашақорлардың қатарына қосылып кету қаупі жоғары. Есірткіге "бос жүрген" жастардың, студенттер мен оқушылардың қосылуы - бұл ересектердің өз балаларына және олардың проблемасына назар аудармауының салдары. Есірткі сатушылар жасөспірімдердің психологиялық тұрғыда жетілмегенін пайдаланады", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол баланың "закладчик" болып жұмыс істейтінін қалай білуге болатынын айтып, ата-аналарға үндеу жасады:

  • Баланың телефонында подъездердің, аялдамалардың, үй қабырғаларының суреттері пайда болса;
  • Жеке заттарының арасында изолента, пакеттер, электронды таразы, таблетка немесе көзге арналған тамшыларға ұқсас заттар табылса;
  • Араласатын ортасы өзгерсе;
  • Бойында дөрекелік, тәкаппарлық пайда болса, әңгімені тоқтатуға ұмтылыс байқалса;
  • Күн тәртібі өзгерсе;
  • Ең бастысы - ақша немесе жаңа заттар пайда болса және жасөспірім олардың қайдан келгенін түсіндіре алмаса.

Ресми өкіл осы белгілер анықталса, тез арада баламен сөйлесіп, оны бақылауға алу керегін атап өтті.

"Оларға есірткіні таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталып, 10 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескерту керек", - деді ол.

Шыңғыс Алекешев есірткі дүкендері әдетте "закладчикке" жасырылған есірткі үшін 2 мың теңге төлейтінін жеткізді.

"Осы үшін олар есірткіні орауға қажет нәрселерді сатып алады, қаланы аралайды, өз өмірінің кем дегенде 10 жылын тәуекелге тігеді. Ал дүкеннің бір закладка үшін табысы - 20 мың теңге. Қылмыстық іс материалдары көрсеткендей, "закладчиктер" бастапқыда бұл іспен ұзақ айналыспаймын деп ойлайды. Бірақ жеңіл ақшаның буымен олар бұл бизнестен шыға алмай қалады. Соңында олардың көпшілігі есірткіге өздері тәуелді болады", - деді ресми өкіл.

Аяз Есен 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!