Есірткі жасырған қанша бала ұсталды?

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев 2023 жылы есірткі жасырумен айналысқан 41 бала ұсталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Былтыр есірткі қылмысына қатысы бар 3 мыңдай адам ұсталды. Оның ішінде (есірткіні жасырып қойып кетумен айналысқан) 41 бала бар", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл елімізде 2063 есірткі қылмысы анықталып, есірткі өткізудің 517 дерегі тоқтатылған. Әрбір үшінші факт интернет арқылы жасалады (162 дерек).

"Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды. 4 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Олар синтетикалық препараттарды жеткізумен және сатумен айналысқан. Оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ бар. Қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 8 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскерлерден 66 келі есірткі тәркіленді", - деді ол.

Сонымен қатар, 16 есірткі зертханасы жойылған. Оның сегізінде синтетикалық есірткі өндірілген: Алматыда – 4, Алматы облысында – 3, Шымкентте – 1.

"Есірткі өндірісіне қатысқан 15 адам ұсталды. Олардан 128 келі есірткі мен 390 литр прекурсор тәркіленді. Жалпы тәркіленген синтетикалық препараттардың көлемі артып келеді. Егер 2018 жылы бір жылда жалпы 5 келі жаңа психоактивті зат тәркіленсе, былтыр бір тоннадан аса психоактивті зат тәркіленді, ал биыл 3 айда 225 келі синтетикалық есірткі тәркіленді", - деді Шыңғыс Алекешев.

Ресми өкіл биыл 3 айда есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен 300-ден аса адам ұсталғанын жеткізді. Оның ішінде 10 жасөспірім бар. Жалпы есірткі қылмысы қатысы бар деп ұсталғандар – 19-29 жас аралығында.

"Есірткі дилерлігіне қарсы күресті күшейттік. Бізде "Кибернадзор" ақпараттық жүйесі бар. Оның көмегімен есірткі сайттарын анықтап, оларды бұғаттау үшін мәліметтерді Мәдениет және ақпарат министрлігіне жібереміз. 3 айда есірткінің таралуы туралы ақпараты бар бір мыңға жуық сайт анықталып бұғатталды. Есірткі тарататын интернет-дүкендерді анықтау үшін Telegram-бот құрылды. Оған 2200 қызметкер қосылды. Қазір 52 ірі интернет-дүкен, жалпы 75 мыңнан аса қолданушысы бар 37 бот жойылды", - деді Шыңыс Алекешев.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 10 жыл бойы мұғалім болған әйелден есірткінің ірі партиясы табылғаны хабарланды. 

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!