Айтбек Амангелді марқұм қарындасы Салтанаттың таяқ жеп, көзі көгерген кезін көрсетті

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сотта қарындасының соққыға жығылған суретін көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жәбірленуші тараптан жауап алудан басталды. Сотта қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сөз сөйледі.

"8 наурызда Салтанатты құттықтауға барғанда көрдім. Түс уақытында барған едім. Оған бір құшақ гүл сыйладым. Ол үйде еді. Оның бет-әлпеті қатты шаршаңқы көрініп тұрды, көзінің асты қарайып кеткен. "Салтанат, неге шаршап тұрсың?" дедім. "Қуандық түнімен ұйқы бермеді, түнімен сөйлесіп шықтық, ал таң атпастан балгерге баруға мәжбүрледі" деді", - дейді Айтбек Амангелді.

Сонымен қатар, марқұмның ағасы бірнеше күннен кейін қарындасы соққыға жығылған суретін жібергенін жеткізді.

"20 наурызда жұмыстағы қызметкерлер үшін тимбилдинг ұйымдастырдық. Сол күні үйге 12-лерде келдім. Телефоныма көп қоңырау мен хат келген. Телефонымды ашсам, мына суретті көрдім. Мен бұл суреттерді Салтанаттан алдым. Оны кешкі 22.00 шамасында жіберді... Бұл суреттерде соққының іздері көрініп тұр. Менің ойымша, бетінен жұдырықпен ұрған. Салтанат үшін, оның жағдайы үшін қорықтым. Оған бірден хабарластым. Түн уақыты еді, телефонын алмады. Уайымдап, Қуандыққа хабарластым, Қуандық алды", - деді Айтбек Амангелді.

Айтбек Амангелдінің сөзінше, Қуандықтан мән-жайды сұрағанда, үйіне сөйлесуге шақырған.  

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!