Алматыдағы дауыл: мектеп пен колледж ғимараттарының шатыры ұшқан

Алматыда кеше ауа райы күрт нашарлап, жауын жауып, қатты жел соғуы салдарынан 26 ағаш құлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы әкімдігі мәліметінше, 29 наурыз таңға дейін барлық учаске тазартылып, құлаған ағаштар кесіліп, шығарылған.

"Барлық арық өткелі тазартылды, су басатын орындарға 344 арнайы техника мен 163 жұмысшы жұмылдырылды. Қауіпті учаскелерде су басудың алдын алу мақсатында 953 қап инертті материал пайдаланылды", - деп жазылған мәліметте.

Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты "АЖК" желілері түнде 25 рет өшкен, алайда электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.

"ҚазТрансГазАймақ" АҚ желісі бойынша жарық 2 рет өшті, ағаштың құлауына байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

28 наурызда ауа райының күрт нашарлауы мен жылдамдығы 18-24 метрге дейін соққан қатты желден Ақсай-4 шағынауданындағы №132 мектептің шатырының кейбір жері ұшып кеткен.

"Мектеп 1988 жылы салынды, соңғы күрделі жөндеу 2007 жылы жүргізілді. Мердігер ұйымдар демалыс аяқталғанға дейін шатырға жөндеу жүргізеді", - деп жазылған мәліметте.

Бостандық ауданындағы құрылыс пен менеджмент колледжінің шатыры да аздап зардап шеккен. Оны ғимарат иелері қалпына келтіреді.

Қалада ТЖД жедел желісі ашылып, 112 операторларының саны артқан.

"Қазгидромет" РМК болжамынша, 29 наурызда 2 мм-ге дейін, 30 наурызда 8 мм-ге дейін жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз