Қазақстандық боксшы Бакудегі бәсеке финалында әлем чемпионын жеңді

Қазақстандық боксшы Бакудегі бәсеке финалында әлем чемпионын жеңді

92 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасатын Сағындық Тоғамбай Бакуде өткен "Ұлы Жібек жолы" бәсекесінде топ жарды. Ол финалда 2021 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Альфонсо Домингесті жеңді. 

Әзербайжан елінің атынан жұдырықтасып жүрген кубалыққа қарсы жекпе-жекте Сағындық ширақ жұдырықтасты. Төрешілер бірауыздан отандасымызды жеңімпаз деп таныды. Осылайша ұлттық құрама қоржынына үшінші алтын медальды салды. 

Бұған дейін Талғат Сырымбетов пен Дархан Дүйсебай жарыс жеңімпазы атанған болатын. Ал Теміртас Жүсіпов пен Тимур Қабдеш күміс жүлдені қанағат тұтты. 

Қазақстан құрамасы Бакудегі бәсекені 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен аяқтады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай