Елімізге мигранттар қай мемлекеттерден көп келеді? ІІМ жауап берді

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанға қай елдерден мигранттар көп келетініне қатысты ақпарат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Елімізге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай сынды мемлекеттерден мигранттар көп келеді", - деді Игорь Лепеха Сенат кулуарында.

Ол көші-қон заңын бұзған шетелдіктер жауапқа тартылғанын айтты.

"2024 жылы көші-қон заңын бұзғаны үшін 9800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мың адам елден шығарылды. Заңды бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары. Олар елде болу мерзімін бұзған", - деді министрдің орынбасары.

Игорь Лепеха өзбекстандықтар мен тәжікстандықтар көрші елге бару үшін Қазақстан территориясын пайдаланатынын жеткізді.

"Жыл басынан бері елімізге 1 млн 73 мың өзбекстандық келді. Оның 982 мыңы елден шығып кетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша олар көшбасында тұр. Мысалы, елімізге 5 млн 396 Өзбекстан азаматы келіп, 5 млн 373 өзбекстандық елден шықты. 411 Өзбекстан азаматы уақытша тіркеуге қойылды. Негізінен олар еліміз арқылы көрші мемлекеттерге барады.

Сондай-ақ биыл Қазақстанға 218,5 мың тәжікстандық келді, оның 213 726-сы елден шығып кетті. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 710 Тәжістан азаматы жауапқа тартылды, 195 адам елден шығарылды", - деді ІІМ өкілі.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!