"Қашанғы жаяу жүреміз". Алматының іргесіндегі ауыл тұрғындары жанайқайын жеткізді

"Аязда аяғымыз тайып, көктемде лай мен батпақ кешіп жүреміз". Алматы облысына қарасты "19 шақырым" ауылының тұрғындары ауылға кірмейтін автобустың кесірінен бір жарым шақырым жолды жаяу еңсеруге мәжбүр. Ал мемлекеттен қаржы алып отырған автопарктың басшылары "жол салынбаса ауылға кірмейміз" деп кесіп айтыпты. Әкімдік болса әлдебір заңды көрсетіп тұрғындардың талабын елемейтін көрінеді. "Жаз шықса жол саламыз" деген уәделеріне де жұрттың сенгісі жоқ. Жанайқайын айтқан жұрттың мәселесін  Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Аялдама деген аты болмаса мұнда қоғамдық көліктің келмегеніне екі айдан асқан. Тіршілігі қаламен байланысқан қалың ел қалаға қатынайтын қоғамдық көлікке міну үшін бір жарым шақырым жерді жаяу жүреді. Ауа-райы қолайсыз уақытта бұл жолды жүріп өту тіпті қиын.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

"Мен өзім 5 күн қалаға барып келіп жұмыс істеймін. Аяздарда аяғымыз тайып құлап, көктемде лай мен батпақ кешіп жүреміз. Қазір елдердің бәрі ораза ұстайды. Қаладан пакет-пакет зат алып келеді. Оның бәрін көтеріп бір жарым шақырым жерді жаяу жүруі керек.  Автобустан түскен бойда аузымызды ашамыз. Үйге әлсіреп келеміз. Осыған дейін 1,7 шақырым жерге кіріп жүрген. Бірақ екі айдың төңірегі болды бізді адам құрлы көрмейді. Өткенде телеарнаны шақырып едік 1-2 күн кірді де қойды", - дейді ауыл тұрғыны Айгүл Сартаева 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Автобус осы жерден бұрылып кетеді.

Тілшілер келсе ғана тірлігі түзелетін автопарк "Алматы облысының жолаушыларды тасымалдау компаниясына", яғни мемлекетке тиесілі. Тұрғындардың айтуынша автобустың маршрутына бұл аумақ кіреді екен. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ауыл тұрғыны Хадиша Тоқтасыновна. 

"Автобустың маршрутында біздің көше бар. Олар сол үшін мемлекеттен субсидия алып отыр. Заң бойынша бұл маршрут бар ма, мердігер конкурсты жеңіп алды ма, субсидия алып отыр ма, шартқа қол қойды ма? Демек ол ауылға кіріп жүруі керек. Жол жақсы ма, жаман ба, ол - автопарктың проблемасы. Олар бұл мәселені субсидия алар кезде ойлануы керек еді. Әкімдік пен автопарк келісіп өзара мәселені шешуі керек. Ал бұлар өздері келісіп, халықты шырылдатып отыр", - дейді ауыл тұрғыны Хадиша Тоқтасыновна. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

"Тозған қазды топтанған қарға алады" демекші, тозған елге автопарк пен әкімдік бірігіп қысастық көрсетіп тұрғандай. Себебі мемлекетке тиесілі автопарк адам басына 330 теңге субсидия алады. Ал халықтың қаржысына қызмет ететін қоғамдық көліктің ауылға кірмеуіне тұрғындар айтқандай жолдың нашарлығы себеп. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

"2023 жылдың күз айында "Береке" саяжайын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында, саяжайдың ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын жолына қиыршықтас төсеу арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аталған аймақта қоғамдық көлік қатынай бастады. Қазіргі уақытта ауа райының салдарынан жол жабындысы нашарлап, автобустар істен шығып тасымалдаушы, саяжайға жол жөндегенше маршруттың жүруін уақытша тоқтатқан", - делінген әкімдіктің бізге берген жауабында. 

Жолдың жайын айтып жұрт әкімдікке табанынан таусылып талай барған. Былтыр аудан әкімі биыл көктемде жол салынады деп сендіріпті. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

"Біз бірнеше мәрте әкімдікке шағымдандық. Былтыр күзде, биыл көктемде жолға қиыршық тас төсеп кетті. Былтыр аудан әкімі биыл көктемде асфальт саламыз деп айтты. Бірақ бізге жол жүргізілгенше автобус жүрсін. Әкімдік заң бойынша жол жаман болса автобус кірмейді екен дейді. Бұдан да жаман жолмен жүріп жатқан автобустар бар ғой. Жол деген бүкіл Қазақстанда бар проблема бұл. Халықты ойламайды ешқайсысы!", - дейді Айғатша есімді ауыл тұрғыны. 

Ал әкімдік өкілдері жолдың жақын арада салынбайтынын айтты. Саяжайдың ауыл статусын алу процесі ұзаққа созылып, тас жолдың мәселесі сиырқұйымшақтанып кеткен. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

"Аталған жол саяжайдың аумағында орналасқандықтан, асфальт жабындысы мен жөндеу жұмыстарына қаражат  бөлу мүмкіндігі жоқ. Қазіргі уақытта "Береке" кооперативін елдімекен шекарасына кіргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланып, одан кейін  жол жөндеу жұмыстарына жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, жұмыстың құны анықталатын болады. Құжат негізінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған", - деді әкімдік өкілдері. 

 Бұқара "бұдан бұрын автопарк жекенің қолына тиесілі болғанын, жаман жолмен қоғамдық көлік жүргенін айтты.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

"Жол жаман" деп жүрмейтін, субсидия алса да ауылға кірмейтін автобусқа біз де мініп көрдік. №7 автобус Алтын орда базарына дейін қатынайды екен. Жүргізушілер әкімдік автобустардың санын азайтып жібергенін жеткізді. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

"Жол жаман ғой. Схемада барыннан бар. Бұрын кірдік қой. Автобустың бәрі қирап қалды. Бұрын 14 машина жүргенбіз. Қазір бары бес-ақ машина. Өзім күніне 7 рейс жасаймын. Біреуі сынса қалғандары үлгермейді. Интервалда автобустың санына қарай құбылып тұрады. Бастықтар әкімдік азайтып жіберді дейді. Ол саяжайға кіретін болсақ үлгермейміз.  Жол салынса жүреміз ғой", - дейді автобус жүргізушісі.    

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Жергілікті биліктің жауабына сенсек, жол төселмей қоғамдық көлік жүрмейді. Ауылдағы ағайын автобус күтіп сарылып қала бермек. Бірақ алмақтың да салмағы бар. Ауылға кірмесе автопарк басшылары мемлекеттен не үшін субсидия алады? Қулығына құрық бойламайтындарға әкімдік неге ескертпейді? Біз сұрақтарды төтесінен қойып Қарасай әкімдігіне жолдадық. Жергілікті билік мәселені шешпейтін болса Облыс әкіміне жұрттың жанайқайын жеткіземіз. Себебі жол салғанша қарапайым қараша қиналмауы тиіс.   

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!