Ақтөбеде тасқынның беті қайтпады: басты көшелердің бірін су басты

Ақтөбеде су тасқынына байланысты жағдай әлі де күрделі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдай министрлігі мәліметінше, бүгін таңертең Ақтөбе қаласындағы Сазды өзенінде мұз жиналып, су деңгейі көтерілуі салдарынан Ө.Сейітов көшесіндегі автомобиль көпірі арқылы Керуен сити сауда үйі ауданындағы М.Мәметова көшесінің жол бөлігіне су толған.

ТЖД, ЖАО, ПД, Ұлттық ұлан, 20982, 54179, 20238, 03878 әскери бөлімдерден 1000-ға жуық қызметкер мен 200-ге жуық техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері ең күрделі жағдай Ақтөбе және Қостанай облыстарында тіркелгенін мәлімдеді.

"Еріген қар суымен күресу үшін Ақтөбе және Қостанай облыстарына Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен 52859, 20982 әскери бөлімдерінен 220-ға жуық жеке құрам мен 25-тен аса техникадан қосымша күштер мен құралдар жіберілді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 1,5 мыңға жуық адам, 500-ден аса техника, 200-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін 11 өңірде әкімдіктер мен ТЖД өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылғаны хабарланды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!