Жолдар мен көпірлер жабылып жатыр: Көкшетауда бірнеше шағынауданды су басты

Көкшетауда вокзал маңы, Сарырқа сияқты бірнеше шеткі ауданды тұтастай су басты. Қарғын су тіпті ондаған үйдің ішіне дейін кіріп кеткен. Жергілікті атқарушы органдар қалада Қылшақты өзенінің бойындағы бірнеше көпір мен жолды уақытша жабуға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір коммуналдық кәсіпорындар мен төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері су тасқынымен күресті жалғастырып, көлге айналған көшелерден су сорып жатыр. Бірақ техника мен жұмыс күшінің жеткіліксіздігі байқалып тұр.

Қала әкімдігі су тасқынына байланысты тұрғындардан қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұрады.

"Су тасқыны қаупіне байланысты Абай көшесінде автомобиль көпірінің бір бөлігін жабу туралы шара қабылданды. Қала тұрғындарынан қозғалыс маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз", - деді Көкшетау қаласы әкімдігі өкілдері.

Қазір қалада бірнеше көше жабылып, су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері ең күрделі жағдай Ақтөбе және Қостанай облыстарында тіркелгенін мәлімдеді.

"Еріген қар суымен күресу үшін Ақтөбе және Қостанай облыстарына Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен 52859, 20982 әскери бөлімдерінен 220-ға жуық жеке құрам мен 25-тен аса техникадан қосымша күштер мен құралдар жіберілді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 1,5 мыңға жуық адам, 500-ден аса техника, 200-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін 11 өңірде әкімдіктер мен ТЖД өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылғаны хабарланды. 

Абзал Алпысбайұлы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!