Президент азық-түлік қауіпсіздігі туралы айтты

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ахуалға тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

– Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі әлі де азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел саналатын Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті. Біз мақсатты бағдарламалар жасау, бірлескен агроинновациялық орталықтар құру және инновациялық технологиялар трансферті арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Ол үшін күш жұмылдыруымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.

– Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе, жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты нығайту маңызды деп санайды. Бұл орайда Президент Қытайдың «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын» қолдады.

Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!