Астанада вейп пен насыбайдың алдын алу бойынша рейдтер қалай өткізіледі?

Астананың барлық ауданында 18 наурыздан бастап вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр. Осындай рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз іс-әрекеттердің төмендеуі байқалады.

Рейд басталғаннан бері елорданың бес ауданында 700-ге жуық сауда нүктелері тексерілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын сатудың 145 фактісін анықтады.

Астана бойынша құны 20 миллион теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленді. Тәркіленген барлық өнім жойылды.

Рейдтік іс-шаралар апталығында Нұра ауданында 90-ға жуық дүкен тексерілді.

"18-26 наурыз аралығында Нұра ауданы әкімдігі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері аудандық полиция басқармасымен бірлесіп рейд жүргізді. Іс-шара барысында Асфендияров, Анет баба, Сығанақ, Р.Бағланова, Ұлы дала және Исатай батыр көшелерінде орналасқан насыбайды заңсыз сату бойынша 87 дүкенде профилактикалық түсініктемелер жүргізілді. Сондай-ақ 6 дүкенге 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда 20-ға жуық дүкенге тексеру жүргізіліп, сатушыларға түсініктемелер берілді. Рейдтер 31 наурызға дейін жалғасады", - деді Нұра ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Бектемір Жолжасқажиев.

Байқоңыр ауданында сауда нүктелерінде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Аудан полициясының учаскелік инспекторының айтуынша, шекпейтін темекі өнімдерін заңсыз сататын сауда нүктелеріне және вейп сатушыларға әкімшілік хаттама мен 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 92 300 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Сарыарқа ауданында жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 23 кәсіпкерлік нысаны зерттелді. Оның ішінде 2 дүкен иесіне айыппұл салынды. Сонымен қатар аудан бойынша 60 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Елорданың сауда нүктелері бойынша рейдтер күн сайын өтеді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында есірткі мен қазақстандықтардың денсаулығына зиянды басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.

"Қазіргі уақытта тиісті заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі қаралуда. Олар тек вейптер үшін ғана емес, сонымен қатар насыбайды пайдалану үшін де қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Бұл шаралар насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Президент.

Вейп (электронды темекі) және темекі өнімдерін (насыбай, снюс) қолдану денсаулыққа бірқатар ауыр зардаптармен байланысты екенін ескеріңіз. Зерттеулер көрсеткендей, вейпинг тыныс алудың әртүрлі мәселелеріне, соның ішінде өкпенің обструктивті аурулары мен қабынуына, ал никотин жүрек ауруы мен инсультке әкелуі мүмкін. Тіпті қысқа мерзімді вейп немесе насыбай қолдану қан ағымының нашарлауына және жүрек ауруы қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Материалды Астананың ішкі саясат басқармасы ұсынды

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!