Алаяқтар танымал блогердің атын жамылып, схема құрған

Алаяқтар танымал блогердің атын жамылып, схема құрған
Фото: Тұрар Қазанғапов

Telegram мессенджерінде қазақстандық блогер Секаның жалған аккаунты пайда болған. Киберқылмыскерлер оның атынан қолданушыларға ұтысты алу үшін кем дегенде 100$ инвестиция салуды ұсынады. Бұл - алаяқтық схема, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Сека - Серғазы Тоқтарбектің қысқартылған аты. Танымал блогердің YouTube-те авторлық арнасы және Instagram әлеуметтік желісінде аккаунты бар.

Серғазы Тоқтарбектің атынан жылдам табыс табу туралы жалған видеолар Қазнетте бір жылдан аса уақыттан бері таралып жүр. 

Вайнер ресми парақшаларында жылдам ақша табу туралы жалған хабарламаларды бірнеше рет жоққа шығарған еді. 

"Менің қатысуыммен фейк аккаунттарда ұсынылған кез келген ақпарат - алаяқтардың ісі. Сіздерге берілген уәде - уәде болып қалады. Ақша жібермеңіздер. Ақша табу оңай емес. Шынайы ақпарат, белгісі бар осы парақшада ғана", - деді Сека оқырмандарына.

Демек белгілі адамдардың ресми парақшаларында жарияланған ақпаратқа ғана сенуге болады. Секаның Telegram қосымшасындағы ресми арнасы - @sekavines. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек