"Жауапты органдар ақсерек-көксерек ойнап отыр". Зайытов Мәжілісте қатты айтты

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстандағы өзекті мәселе тұрғын үй тақырыбын көтеріп, жауапты органдарды сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бұл проблема барлық аймақта бар. Бірақ Астананың жайы ерекше болып отыр. Бұл тұста үлескерлердің өз баспанасынан айырылып қалуынан бастап, апта сайын бой көтеретін тұрғын үй кешендерінің сын көтермейтін сапасы мәселесі де бар екен.

"Жүгенсіз заңсыздықтар мен мыңдаған халықтың естілмей, естілсе де ескерілмей жатқан мұңы бар бұл жағдайды бір жақты қылмаса, іс насырға шабуы әбден мүмкін. Мысалы, "Азия плюс" тұрғын үй кешенінде тұрғындар, яғни қариялар, кішкене балалармен жүкті аналар, сондай-ақ, мүгедектігі бар тұлғалар өз үйлеріне кіретін есігінің, не кіреберісінің болмауына байланысты, күнделікті паркинг арқылы кіруге мәжбүр. Соның салдарынан бір баланы көлік қағып, күні кеше ғана 16 наурызда екі жеткіншек арсыз педофилдің қолына түсе жаздаған фактілері анықталған. Онымен бұл мәселе біткен жоқ, бұл үйді тұрғындарға сатар кезде "Бизнес" санатындағы үй деп сатып, бірер жыл өткен соң пайдалануға қабылдау кезінде "Эконом" санатына ауыстыра салулары да мүмкін екен. Сонымен қатар, "Успешный дом" тұрғын үй кешенінің тұрғындары да алаяқтық іс әрекеттерге ұшырап отыр. Бұл көп өзекті мәселелердің біразы ғана, айта берсек айлап тауыспайтындай зар - бұл", - деді Зайытов.

Оның пікірінше, халықты ойлап жатқан бірде-бір құзыретті орган жоқ.

"Олар халықты ойлауға емес, халықпен ойнауға машыққандай көрінді өз басыма. 20 наурызда Парламент қабырғасында өткізген дөңгелек үстел де осы сөзімді растады. Тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазса да іс қозғалмаған. Халықтың пайдасына шешілген сот шешімі орындалмаған.

Осындай да біздің заңдар қарапайым халықтың мүддесін қорғауға келгенде неге қауқарсыз бола қалады? Ал жауапты органдар кінәні бір-бірінен іздеп, әдеттерінше ақсерек-көксерек ойнап отыр. Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлейтін, көзі қисық болса да, көкесі барлар көсем болатын әдеттен қашан арыламыз!" - деді ашынған депутат.

Осы мәселелерге байланысты ол бірқатар ұсыныс жасады:

  • Астана қаласы әкімдігі және құрылыс саласындағы оларға қарасты басқармалар қызметкерлеріне кешенді тексеру жүргізуді;
  • Сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді;
  • Құжаттарға заңсыз қол қойып, лауазымын пайдаланып, заңды бұзған қызметекерлерге шара қолдануыңызды сұраймын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!