Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа қатаң сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев тасқын судың алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізді.

Отырыс барысында облысқа қарасты қалалар мен аудан әкімдері су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстары туралы баяндады.

Штаб отырысында облыс әкімі Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа қатаң сөгіс жариялады.

"Су тасқынына дайын болмағансыңдар. Қала әкімдігі ғимаратының өзі суға кеткен. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Кеше, және бүгін қаланы аралап жүрмін, кейбір шағын аудандарда мен келгенде ғана жұмыс басталып жатты. Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеулері керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңдар", - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, күні кеше Оралда әкімдік ғимаратын су басқаны белгілі болды. 

26 наурызда Орал қаласында нөсер жаңбыр құйып, қолайсыз ауа райы салдарынан бүкіл қала шалшық суға толып, қалалық әкімдіктің ғимаратын су басқан.

Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашын тағы 2 күнге созылуы мүмкін. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істей бастағанмен, бәріне бірдей үлгермей жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!